• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Желтоқсан, 2013

Отандас

332 рет
көрсетілді

Астана іргесіндегі «Родина» агрофирмасының директоры  Иван Сауэр туралы сыр

Адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жақын баға – абырой. Халқымыз оны «тірнектеп жиналады» деген пәлсапалық тереңдікпен әу бастан-ақ айтып қойған. Әрине, ол көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жаныңды жадыратса ғана қайыр­лы болмақ. Мұндай адамдар көп бізде. Саралап санай берер тұлғалардың да тұлпары барын ескеріп барып, жұлдыздарға көз қадайсың. Ағып та жатқандары бар, жанып та жатқандары бар. Жақсы мағынада айтқанда, «Ро­дина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрді осы екі баламаның қатарына бірдей қоссақ, аса қателесе қой­маспыз. Өйткені, Иван Адамович өз еңбегінің жемісін көріп қанат­танған, өзі аузынан тастамайтын «Мен әрқашанда істің көркеюін, адамдардың сәттілік сатысынан түспеуін қалаймынның» адамы.

Астана іргесіндегі «Родина» агрофирмасының директоры  Иван Сауэр туралы сыр

Адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жақын баға – абырой. Халқымыз оны «тірнектеп жиналады» деген пәлсапалық тереңдікпен әу бастан-ақ айтып қойған. Әрине, ол көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жаныңды жадыратса ғана қайыр­лы болмақ. Мұндай адамдар көп бізде. Саралап санай берер тұлғалардың да тұлпары барын ескеріп барып, жұлдыздарға көз қадайсың. Ағып та жатқандары бар, жанып та жатқандары бар. Жақсы мағынада айтқанда, «Ро­дина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрді осы екі баламаның қатарына бірдей қоссақ, аса қателесе қой­маспыз. Өйткені, Иван Адамович өз еңбегінің жемісін көріп қанат­танған, өзі аузынан тастамайтын «Мен әрқашанда істің көркеюін, адамдардың сәттілік сатысынан түспеуін қалаймынның» адамы.

Қарап отырсақ, тіршіліктің төл тебі­реністері, өмірдің мәні мен ұғымын ұзартар қағидаттары барына қайрансың. Соның бір парасы бұрын көрмеген жанды бірден бойыңа жақын тарту ма деп қаласың. Ол несімен баурайды сон­да? Жүрегінің кеңдігімен, парасатының биік­тігімен, айналасына шуақ таратар ішкі жы­лылығымен, уақыттың демін дәл сезінуімен, іскерлік қабілетінің жоға­рылығымен деп тізбелей берсек, таусылар ма? Қырық жылға жуық журналистік қадамы бар адам үшін мұндай пайым таңсық емес. Сонда да селк еткің келеді, сон­дай кісілердің көп болғанын қалайсың. Аза­маттар жоқ емес. Оларды тани білу керек...

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына қоныс аудар­ған кез. Жиналыстар көп шақырылатын. Прези­диумда республикалық деңгейдегі лауазымды кісілер жиі отыратын басқосулардан газетке есеп жазуға тура келгендіктен барамыз. Осы жиналыстардың маңы­зын салмақтандыру үшін әлгі өкілдердің аты-жөнін тәптіштеп, сөйлеген сөзіне екпін түсіре жазамыз.

Уақыт өте стиль өзгерді. Таң­дап барып, талғап жазуға тырысамыз. Бірде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының есеп беру-сайлау жиналысына шақырылдық. Дайындық мықты. Концерттер қойылып, көрмелер ұйымдастырылған. Делегаттарды былай қойып, мекеме басшылары, партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қос­қанда, жалпы адам қарасы 300-ге жуықтайды. Президиумда екі орынтақ қойылған. Мен ғана емес, баршаның жүзінен «екінші креслоға кім жайғасады?» деген сұрақ менмұндалап тұр. Көп ұзамай сахнаға облыс әкі­мі, филиал төрағасы Қосман Айт­мұхаметов пен сұңғақ бойлы, ашаң жүзді кісі ширақ қимылдап шықты. Біраздан кейін жиналыс төрағасының тәртіпке шақырғанына қарамастан, зал­дың әр бұрышынан «Оу, бұл өзіміздің Иван Адамович қой!» деген таңданысынан қуанышы басым дауыстар дүр етті. Прези­диумнан астаналық адамдарды іздеп дағдыланғандықтан болар, алғашында танымаппыз. Алдымызда Целиноград ауданындағы «Родина» Агро­фирмасы» ЖШС директоры Сауэр отыр. Ол «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі екен. Ол өз кезегінде төгілдіріп демегенмен, қарапайым толғамдармен тебірентіп сөйледі. Таспа-тас сендіреді екен. Көпшілік жетекші партияның жаңашыл ұстанымына риза болды.

Өмір өзгереді. Уақыт алға жылжиды. Соған байланысты көп нәрсе басқаша сипатқа ие болады. Бірақ кейіпкеріміз, оның ұстанымы, мінезі бірқалыпты. Сондықтан да жұртшылық оны: «Өзіміздің Иван Адамович», дейді.  Көшеде көрсе де, көшелі жиналыста көр­се де, теледидардан көрсе де осыны айтады! Ауқы­мында қаншама ізет-құрмет жатыр десеңізші. Иван Адамович туралы, оның «Родинасы» туралы әжептәуір ілтипат естідім. Халық құрмет сөзін жай айтпайды екен. Әмбебап шаруашылық «Алтын сапаның» ең алғашқы жеңімпазы. Былтыр тағы да иеленді. Қазақ­станның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің дәстүрлі «Қара­өткел» көрмесінің «Алтын бел­гісін» бір емес, үш қайтара ие­ленді. Көкөрімге бөленген Родина ауылының үйлері орта­лықтан жылытылады. Су жүйе­лерінің өзі 40,6 шақырымды, электр шамы тартылған асфальт­ты көшелердің аумағы 40 шақырымды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 100 000 теңгеден. Ұжым мүше­лері жылдық сыйақыны былай қойғанда, көп жерде ұмытыла бастаған 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Ал­тын белгі» иегерлері 150 000 теңгені иемденеді. Ұлы Жеңістің 65 жылдық мейрамында соғыс ардагерлері С.Глушко мен П.Богатыревқа «ВАЗ-2167» авто­көлігі мінгізілді. Серік­тестіктің кеңсесіне, өндірістік буындарына, әлеуметтік нысандарға бас сұға қалсаңыз, «Алғыс хаттар» көрмесіне тап болғандай күй кешетініңіз анық. Родина ауылының өзі облыстың «Үздік елді мекені», ал оның мәдени ошағы республиканың «Үздік клубы» атанды. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша республикалық «Парыз» байқауының екі дүркін жеңімпазы болу да оңай шаруа еместігін тәптіштеп жатудың өзі орынсыз деп білеміз.

Осылайша жалғастыра беруге болар еді. Бірақ, менің айтпағым басқа жыр. Елбасының «Родинаға» сапарларында байқағаным, Нұр­сұлтан Әбішұлы «Өзіміздің Иван Адамович» дегенді кішкене өзгертіңкіреп, әңгімесін «Есіңде ме, Иван...» деп бастайды екен...

Ойымнан кетпей жүрген тақырыпты аша түсудің орайы келді жуырда. Шаруа­шылық 60 мың гектар егістіктің рекордты ырыздығын құт қамбаға құйып, көңілі жайланған тұс. «Есіңде ме, Иван...» тектен-тек айтылмайды ғой, Елбасымен кезде­сулеріңіздің кейбір сәттерін әңгіме­лесеңіз», деймін оған. Бұл жолы Иван Адамович кәдімгідей ашылды. Бұл күні кеше, Елбасының 3 желтоқсандағы «Родинаға» жұмыс сапарынан кейін іле-шала жасалған жедел сұхбат еді.

– Жаңа өзіңіз көрдіңіз, Мем­лекет басшысы ауылымыздан риза көңілмен аттанды. Нұрсұлтан Әбішұлының «Тұңғыш Президент күні» мерекесінен кейінгі ал­ғашқы сапары бізге түскені айтып жет­кізгісіз абырой, – дейді И.Сауэр. – Прези­дентпен кездесу көп болғанымен, еркінсіп кету мүмкін емес, әр кездесудің жауапкершілік жүгі ауырлай береді екен. Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен алғашқы кездесуім 1989 жылдың тамызында, біздің астықты алқабымызды аралаған шығында болып еді. Ол кісі 22 шілдеде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болып сайланған. Ал, менің директорлық қызметіме екі жыл енді толған. Мені таңғалдырғаны, біріншіден, оның аңғарымпаздығы, еш нәрсені қалт жібермейтін қасиеті. Қолымды жең ішіне жасырып, өзімді барынша сергек ұстауға тырысқаныммен, жол апатынан кейін ауруханадан ертерек шыққаныма ескерту жасады. Екіншіден, өзінің негізгі мамандығы металлург екендігіне қарамастан, біздің кеңшардың жер өңдеу ерекшелігі, егіншілік технологиясы, тұқым сұрыптау мәселелері туралы білікті ғалым-агроном деңгейінде пікір білдіруі.

Одан кейін Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет жүздестім, дейді әрі қарай әңгіме сабақтаған Сауэр. Әсіресе, 1993 жылғы жаңбырлы қыркүйектегі шаруа­шылығымызға сапары айрықша есімде қалды. Күн жарықтық шайдай ашылды. Президент: «Мен сіздерге қолайлы ауа райы мен жылылық алып келдім, енді астықты жинап аласыздар», деп қалжыңдап қояды (Дәл солай болды да). Одан кейін іс барысына ауысып: «Сен жас директорсың, жекешелендіруді неге қолдамайсың, реформаларды жақтамағаның ба?», деп маған сынай қарады. Мен батылданып, меншік түрінің мұндай формасы сон­шалықты өзгеріс әкелмейтінін айтып, жеке пікірлерімді ортаға салдым. Ол мені мұқият тыңдап, жанындағы ресми адамдарына менің айтқандарым бойынша ұсыныс жасауға нұсқау берді. Президент кісіні тыңдай білуімен қатар, қарапайым пікірдің өзін назардан тыс қалдырмайтынын, осы арқылы адамдарды қанаттандырып отыратынын қоғам дамуындағы нақты істерімен үнемі дәлелдей білетініне тәнті болдым.

Біздің 1994 жылғы 5 мау­сым­дағы кезде­суіміз ұмытылмас әсер қалдырды, деді әңгімесінің соңына таман Иван Ада­мович. Ауы­лымыздағы ардагерлер аллеясында Нұрсұлтан Әбішұлы жергі­лікті қариялармен бірге өз аққайыңын отырғызды. Ол қазір көркейіп өсіп тұр.

Тәуелсіздігіміздің бес жылдық мере­кесіндегі салтанатта Елбасы қолынан алғашқы наградам, №3 «Достық» орденін алғаным мәңгі есте сақталады. Марапаттау рәсімінен кейін Нұрсұлтан Әбіш­ұлының қабылдауында болып, 40 минуттай әңгімелестік. Ол маған жоғары лауазымды қызмет ұсынды. «Мен өз орнымда еліме көбірек пайда келтіремін», дегендей сылтаумен бас тарттым. Қатты қиналдым. Бірақ, ренжіген жоқ. Одан кейінгі кездесулерде маған деген ниеті мен ықыласын өзгерткен емес.

Мемлекет басшысы 2001 жыл­ғы 18 наурыз­дағы сапарында да ауылымызға көтеріңкі көңіл күймен келді. Еуростильмен күрделі жөндеу жүргізілген мектебімізге риза болумен қатар, көпбалалы отбасынан дәм татып, теледидар сыйлады. Машина-трактор шеберханасында өңір шаруашылық басшыларымен кеңес өткізді. Ал 2008 жылдың 3 қыркүйегінде Германия Пре­зиденті Келлермен бірге тікұшақ­пен келуі ауылымыз үшін нағыз мейрамға айналды. Осынау тарихи тұлғамен жүз көрісіп, қол алысқанымызға жиырма жылдан асып барады. Мен мынадай сөздерді үлкен құрметпен үнемі қайталап жүремін: «Құрметті Президент мырза, әрине, есімде және мұндай кездесулер әлі талай болады деп үміттенемін. Сіз біздің «Родинамыздың» аса құрметті азаматысыз, әрдайым төрімізден орын аласыз!» Біз бұған сөз қосып, толғаныс толқындарын бұзғымыз келмейді.

Осы орайда мақаламызды еңбек ада­мының, үлкен ұжым ұйытқысының өндірістік табыстарын тізбелеп түйін жасауды қалағанымызбен, мынадай тосын қадамға барғанды жөн көрдік. Иван Сауэр – инженер-механик, экономика ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ аграрлық универ­ситетінің құрметті профессоры, А.Бараев атындағы сыйлықтың лау­реаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің, Ұлттық кәсіпкерлік палатасы төралқасының, «ҚазАгроИнновация» АҚ ди­рек­торлар кеңесінің, Ауыл шаруашылығы минис­трлігі сарапшылар кеңесінің мүшесі, «Қазақстанның ет-сүт одағы» басқарма төрағасы, «Азық-тү­лік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың тәуелсіз директоры. Бұл да толық сурет болмағанымен, адам баласының бақыт баспалдақтарын ашып көрсетерлік дүние деп білеміз.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы.

 

Соңғы жаңалықтар