• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Желтоқсан, 2020

Ұлытауда Көкбөрінің ескерткіші бой көтерді

1086 рет
көрсетілді

Ұлт ұясы Ұлытаудан бір көш жерде орын тепкен  "Күмісбұлақ" демалыс орны аумағында демеушілердің қолдауымен түз тағысы, Түркі жұртының киесі саналатын Көкбөріге ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Ұлытау Көкбөрісі" деп аталған бұл мүсіннің тұғырымен қосқандағы биіктігі  9,70 метр. Ал ескерткіштің жеке тұрғандағы бойы алты метрді  құрайды екен. Мүсіннің тұғырымен қоса есептегендегі салмағы бес тонна шамасында. Ішкі құрылымы темірден соғылып, сырты Арқаның ақшұнақ аязы мен аптап ыстығына төтеп беретін пластик материалдан құйылыпты.

Мүсін идеясының авторы және сомдаушысы Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев екен. Мүсінші осыдан бір жыл бұрын аталған ескерткіштің эскизін жасап, Мәдениет және спорт министрлігінен авторлық құқық куәлігін алыпты.

"Алайда белгілі себептерге байланысты идеяны жүзеге асырудың орайы келмеді. Тек, Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлының қолдауы арқасында ғана мәселе шешімін тапты. Ескерткішті жасап шығаруға өзімнің ұлым, мүсінші Арматтың көп көмегі тиді", – дейді А.Меңдіғалиев.

Автордың айтуынша, әлемде қасқырға орнатылған дәл осындай өлшемдегі мүсін жоқ екен. Сондықтан қазіргі уақытта Ұлытау ауданының әкімдігі "Ұлытау Көкбөрісі" ескерткішін Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге қатысты ұсыныс қағаз-құжаттарын реттеуді қолға алыпты.