• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Технология 10 Желтоқсан, 2020

Робот құрастырып, дрон ұшырған ауыл балалары жаңа технологияны меңгере бастады

277 рет
көрсетілді

Мектеп оқушыларының ой-өрісін кеңейтуге, әсіресе ауыл балалары үшін қосымша білім берудің әсері мол. Осы орайда Қызылқоға ауданындағы Сағыз орта мектебінің өзгелер үйренетін үздік үлгісі бар. Мұны қосымша білім алатын оқушылардың робот құрастырып, дрон ұшыруымен байланыстырып отырмыз.

Директордың міндетін атқарушы Мейрамгүл Ая­ғанованың айтуынша, бұл мектеп екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Қазір мұнда 424 оқушы білім алады. Мектепте қосымша кадет сыныбы, өндірістік, тігін шеберханалары, гимнастика орталығы мен ТИР алаңы бар. Оқушылар шығар­машылығын дамыту мақсатында16 үйірме мен 4 клуб ашылыпты.

Бұл білім ордасының аудандағы өзге мектептерден бір өзгешелігі бар. Мұнда жаңашыл ұстаздар да, ойы жүйрік, қолы шебер оқушылар да көп. Мәселен, химия пәнінің мұғалімі Ақынта Бисембиева былтыр республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Сөйтіп, жүлдеге STEM зертхананы ұтып алды. Шәкірттерінің жаңа технологияларды жетік меңгеріп, білімді бол­ғанын қалайтын ұстаз осы заманғы зертхананы өзі еңбек ететін мектепке сыйлады.

– Биылғы қаңтардан бері 30 оқушы жаңа зертханада қосымша білім ала бастады. Мұнда жоғары сыныптың оқушылары арнайы бағдарлама жүктелген 3D принтердің көмегімен телефон тіреуішін, құ­мы­ралар мен ерекше фор­маттағы Абай кітабын, бре­локтар, ме­дальдар жасап шығарды. Оқушылар құрастырған дрон әдет­тегідей әуеде ұшады. Тіпті су бетінде жүзіп, видео түсіреді. Дронның әуеде ұшу жылдамдығы секундына 1,5 метр. Ал су бе­тінде секундына 2,5 метрге дейін жүзеді. Әзірге экс­перимент түрінде құрас­тырылған дронның қуаты 6 минутқа жетеді. Кейін қайта қуаттауға болады. Сонымен бірге оқу­шылар ағаш станогымен, 3D ноут­букпен жұмыс істеуді үйренуде, – дейді STEM зерт­хананың лаборанты Ләйла Шыңдыбаева.

Оның айтуынша, оқу­шылар STEM зертха­нада үш түрлі функция ат­қа­ратын роботтар құрас­ты­рыпты. Мәселен, Мбот роботы өздігінен бұрылып, түрлі кедергіден өте алады. Екінші робот әуенмен қозғалады. Үшінші робот арнайы бағдарлама арқылы сызылған сызбалар бойымен жүреді.

– STEM зертхана ма­тематика, инженерия ба­ғытындағы осы за­ман­ғы тех­нологиялық ізде­ніс­тер­­ге бағытталған. Жо­ға­­­­ры сыныптың оқушы­ла­ры роботтарды құрас­ты­ра­ды. Төменгі сынып оқу­­­шы­лары дрон мен ро­бот құрастырудың тә­сілдерін үйреніп жатыр, – дейді Сағыз орта мектебі ди­рек­торының міндетін ат­қа­рушы Мейрамгүл Ая­ға­нова.

Ал Бақыт Қойшығали жетекшілік ететін үйірмеде 20-дан астам оқушы классика, эстрада және ұлттық би бағытында дәріс алады. Қазірдің өзінде балғын бишілердің онлайн-форматта өтіп жатқан «Жарық жұлдыз» конкурсында шоқтығы биік тұр.

 

Атырау облысы,

Қызылқоға ауданы