• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Желтоқсан, 2020

Қазақстан мен Германия арасында саяси консультациялар өтті

288 рет
көрсетілді

Берлинде Қазақстан мен Германия арасындағы саяси консультациялар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Берлинде Қазақстан мен Германия арасында екіжақты саяси диалог пен сауда-инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне арналған сыртқы істер министрліктерінің саяси консультациялары өтті.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан және Германия Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық жөніндегі уәкілі Михаэль Зиберт жетекшілік еткен келіссөздер барысында жыл ішіндегі бірлескен жұмыстың нәтижелері, әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың желтоқсанында және 2020 жылдың ақпанында Германияға жасаған сапарлары аясында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуы талқыланды.

Консультациялар барысында сондай-ақ екі мемлекеттің БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастық мәселелері талқыланды. Тараптар жақында ЕҚЫҰ-ның басшылық лауазымдарына Қазақстан мен Германия үміткерлерінің тағайындалуы жөнінде өзара құттықтаулармен алмасты: Қайрат Әбдірахманов Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғары комиссар, ал Хельга Шмид Бас хатшы болып сайланды. Сұхбаттасушылар сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім мен Германияның «Жасыл Орталық Азия» бастамасын жүзеге асыру бойынша пікір алмасты.

COVID-19 пандемиясына қарамастан қазақстандық және герман серіктестерінің тікелей және қашықтықтан жемісті қарым-қатынас орнатып жатқанына қанағаттанушылық білдіріліп, Қазақстан Үкіметінің герман инвесторларымен жұмыс жөніндегі Жұмыс тобының, Қазақстанда тұратын этникалық немістер жөніндегі үкіметаралық комиссияның, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының, Қазақстан-Герман іскерлік кеңесінің және Берлин еуразиялық клубының екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосып жатқан елеулі үлесі атап өтілді. Мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы әрекеттестікті нығайтудың маңыздылығы қайта қуатталды.

Келіссөздерге қатысқан Қазақстанның Германмядағы Елшісі Дәурен Кәріпов және "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Басқарма төрағысының орынбасары Ғалым Өзбеков мемлекетіміздегі инвестициялық мүмкіндіктер мен оның осы саладағы саясаты туралы баяндады.

Консультациялар қорытындысымен тараптар екіжақты ынтымақтастықтың көптеген салалары бойынша қызметті жалғастыруға уағдаласты.

Сондай-ақ Берлинде М.Баймұхан Ресей, Орталық Азия елдері және "Шығыс серіктестік пен" қоғамаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия үкіметінің Үйлестірушісі, Бундестаг депутаты Йоханн Заатхоффпен кездесті. Сұхбаттасушылар Қазақстанда және Германияда өтетін алдағы іс-шаралар күнтізбесін, оның ішінде 2021 жылдың 10 қаңтарындағы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауы және 26 қыркүйегіндегі Германиядағы федералдық сайлауға дайындық тақырыптарын да қозғады.

Отандық дипломат еліміздегі ауқымды саяси және демократиялық реформалардың, сондай-ақ "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының жүзеге асырылуының барысы жөнінде мағлұмат берді. Өз кезегінде Й.Заатхофф Қазақстандағы демократияландыруға бағытталған өзгерістерге және партиялар арасындағы саяси бәсекелестіктің артуына және Мәжілістің жаңартылған құрамымен жемісті қарым-қатынасты жалғастыруға шынайы қызығушылығын білдірді.