Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Экология және табиғи ресурстар министрлігі қабылдап жатқан шараларды қолдайтындарын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
"Биылдың өзінде тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктер орманды қалпына келтіру және ағаш өсіру көлемін ұлғайтуға бағытталған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоспарланған іс-шаралардың келесі жылы уақтылы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет. Жалпы Экология және табиғи ресурстар министрлігі қабылдап жатқан шараларды қолдаймыз", дейді Премьер-Министр Асқар Мамин.
Сөйтіп Үкімет басшысы отырысқа қатысқандарға бірқатар тапсырма жүктеді.
"Бірінші, алға қойылған міндеттерді іске асыру орман питомниктерінің аумағын ұлғайту мен өсірілген отырғызу материалының көлемін ұлғайту, арнайы техниканы сатып алу және қаржылай қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды талап етеді. Осыған байланысты Экология, Ауыл шаруашылығы, Индустрия, Қаржы министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірге екі ай мерзімде Ормандарды қалпына келтірудің және ағаш өсірудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Екінші, орман қорын ұлғайту және елді мекендерде ағаш отырғызу оларды сақтап қалуға тұрғындар мен атқарушы органдардың жауапкершілікпен қарауын талап етеді. Бұл жасыл көшеттердің жай-күйі мен пайдаланылуын мониторингтеу және түгендеу жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Үшінші, ағаштарды заңсыз кескені үшін жазалауды қатаңдату бөлігінде заңнаманы жетілдіру жөніндегі шаралар алдағы уақытта тұрғындардың оларды қатаң сақтауын және осы мәселені мемлекеттік органдардың үйлестіруін талап етеді", дейді ол.
Ол өңірлердің әкімдіктеріне Экология, Индустрия министрліктерімен бірге қабылданатын заңнамалық түзетулер мен заңға тәуелді актілердің уақтылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан бөлек, өңірлердің әкімдіктері тиісті орман қорғау қызметтерінің материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз ету шараларын қабылдауы қажет екенін айтты.