• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2020

Жамбыл филармониясының мерейтойына орай фестиваль өтеді

511 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы 2020 жылдың 19-27 желтоқсан аралығында филармонияның 85 жылдығына арналған бірінші қысқы «PHILHARMONIC NEW YEAR FEST 2020» фестивалін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фестиваль аясында филармония солистері және ұжымның қатысуымен бірқатар думанды іс-шаралар өткізіледі.

«Жаңа жылдық фестиваль көрерменге ұмытылмас ғажайып күй мен шаттық сезімін сыйлары сөзсіз», дейді өнер ордасының ұжымы. Себебі, әр концерттің бағдарламасы мерекенің жалпы атмосферасына сәйкес жасалған. Фестиваль филармонияның барлық ұжымдары мен солистерінің қатысуымен өтетін үлкен салтанатты гала-концертпен аяқталады.

Фестивальдің негізгі мақсаты – әлемдік классикалық музыканың һәм ұлы қазақ өнерінің рухани қарашаңырағына айналған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының мерейтойын атап өту және 85 жыл ішінде осы ұжымда еңбек еткен ұлы есімдерді ұлықтап, музыка өнерінің озық үлгілерін насихаттау болып табылады. Бұл фестиваль жыл сайынғы дәстүрге айналады деп жоспарлануда.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы 1935 жылдың 14 қаңтар күні құрылды. Тұңғыш директоры және көркемдік жетекшісі болып музыкатанушы, ғалым, композитор, дирижер, Қазақстанның Халық әртісі, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов қызмет атқарды. Сол күннен бері 85 жыл көлемінде филармония еліміздегі ең ірі мәдени орталықтардың бірегейі әрі Алматы қаласының тарихи сәулетті ғимараты болып табылады.

Филармонияның алғашқы құрамында қазақ өнерінде аты аңызға айналған атақты тұлғалар Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Оқап Кабиғожин, Әміре Қашаубаев, Жамал Омарова, Ғарифолла Құрманғалиев, Күләш Бәйсейітова, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Ришат және Мүслім Абдуллиндер сынды біртуар таланттар қызмет етті.

Қазіргі таңда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрамында әлемге аттары әйгілі ұжымдар: Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрі, ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті бар.