Ұлыбританияда парламент сайлауының 6 мамырда өтетіні туралы хабар тек британдықтарды ғана емес, әлем саясатшыларын да елең еткізді. Бұл сайлау – үлкен биліктің сайлауы. Жеңіске жеткендер әлемдегі ең қуатты елдердің бірінде билік тізгінін ұстайды.
ЖЕҢІЛГЕНДЕР ЖЕҢГЕНГЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙДЫ
Қашан да бұл елде сайлау науқаны үлкен саяси белсенділік жағдайында өтеді. Саяси партиялардың күресін түсінесің, жеке адамдар да бұл саяси таңдауда өз көзқарасын білдіруді азаматтық борыштай санайды. Саяси партиялар дегенде, Британия қауымындағы дәстүрлі күрес негізгі екі партияның – лейбористік және консервативтік партиялардың арасында өтеді, оған аракідік либерал-демократиялық партияның қосылатыны бар.
Соңғы кезде лейбористердің жолы болып тұр. Олар он үш жыл бойы билік басында. Алдымен үшінші мерзімге сайланған Тони Блэр, өзінің беделі біршама төмендегенін аңғарып, қаржы министрі болған Гордон Браунға жол берді. Бұл тактикалық қадам еді. Әдетте халық бірсыдырғыдан “жалығады”, өзгеріс болғанын қалайды. Тони Блэрдің тұсында да, оның соңғы билік кезінде де елдің жағдайы анау айтқандай нашарлай қойған жоқ. Жетістік те, кемшілік те болды. Бірақ жұрт жаңалық күтеді. Оны жаңа адам әкелетіндей көрінеді. Лейбористер партиясының басшылығы Браунға тоқтады.
Сайлау науқаны басталысымен-ақ сарапшылар болжам айтуға кірісті. Алғашқы сауалдаманың нәтижесі халықтың ықыласы консервативтік партияның жағында екенін аңғартты. Мұны да халықтың психологиялық көңіл-күйіне байланыстыруға болар. Әдетте бар кемшілік биліктегілерге артылады. Жұрт өздерінің басына түскен қиындықты солардан көреді. Тек британдықтардың ғана емес-ау, бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың ауыртпалығына тап болды. Енді лейбористердің соны өз мойындарына артуы тиіс. Содан да, You Gov компаниясының зерттеулеріне қарағанда, сайлау дәл бүгін өте қалса, халықтың 41 пайызы консерваторларға, 31 пайызы лейбористерге дауыс бермек көрінеді. Ал ІСМ компаниясы жүргізген сауалдама бойынша бұл екі партия арасындағы айырмашылық 4 пайызды ғана құрайды.
Әрине, жағдай науқан барысында айтарлықтай өзгереді. Әңгіме партияның бұл науқанды қалай жүргізетініне де байланысты. Сол күні-ақ премьер-министр Браун елді аралауға шықты. Ал консерваторлардың көсемі Дэвид Кэмерон жұртты тағы да бес жыл лейбористердің, оның көсемі Браунның билігінде болуға көнбеуге шақырды. Консерваторлар “қоғам ұмытқан қауым – жастар мен қарттарды, байлар мен кедейлерді, қаралар мен ақтарды, гомосексуалистер мен гетеросексуалдарды” қорғайтындықтарын мәлімдеді. Дәл осындай ұранмен халықтың ықыласын өзіне аудару қиын-ау дейсің.
Нақты жағдай жетекші үш партия – консервативтік, лейбористік және либерал-демократиялық партиялардың көсемдерінің телепікір сайысынан кейін анықталатын болады. Мұнда партиялардың бағдарламалары ғана емес, көсемдердің пікірсайыстық шеберлігі де сынға түседі. Бүгінге дейін сайлаушылардың үштен біріндейі әлі кімге дауыс беретіндіктерін айқындамаса, сол пікірсайыс таңдау жасауға көмектеседі.
Бұл елде қалыптасқан жақсы дәстүр – күрес кезінде қарсыластар бір-біріне қатты-қатты сын айтады, ал сайлаудың қорытындысы шыққаннан кейін жеңілгендер жеңгендерге құрметпен қарайды. Оппозицияның билікті балағаттауы жоқ, ел мүддесі үшін атқарылып жатқан іске қолдауы бар. Билік те оппозицияның парасатты сынына әркез құлақ асады, оларды жау санамайды.
Мұны өркениет өнегесі десек болар.
МЫҚТЫЛАРДЫҢ КҮШ СЫНАСПАҒАНЫ ЖАҚСЫ
Әлемдегі үлкен бір жаңалық – осы аптаның бейсенбі, жұма күндері Бразилияда БРИК одағының саммиті өтті. БРИК деген Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай дегенді білдіреді. Демек, осы елдердің басшылары бас қосып, өздерін толғандырған мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Жалпы, ынтымақтық мақсатында одақ құрған жақсы-ақ. Тек ол екінші бір одаққа қарсы болмасын дейік. Үлкен қиындықтан күш біріктіріп шығып жатса, үлкен бір асуларға күш біріктіріп көтеріліп жатса, оны барынша құптаған жөн. Әлемдегі ең алып елдер қатарына жататын Қытай, Үндістан, Бразилия және Ресей сияқты елдер бас біріктіріп, жақсылыққа бастамашы болып, келеңсіздікке қарсы тұрып жатса, ол басқалар үшін де игілікті шаруа.
БРИК-тің құрылуын жұртшылық оң қабылдады. Елдердің жақындасуына, ортақ мәселені бірігіп шешуіне жағдай жасайтын қадам ретінде оған біраз үміт те артылып отыр. Бұл одақты насихаттауға Ресей президенті Дмитрий Медведевтің өзі де араласып, БРИК саммиті қарсаңында ол жайында мақала да жариялады. “2010 жылдың 15-16 сәуірінде Бразилияда өтетін БРИК саммиті – жас та болса, өзінің алғашқы қадамдарынан-ақ халықаралық беделге ие болған жиын, – деп жазды ол. – Бұған да таңдануға болмас, өйткені, оған кіретін мемлекеттер дүние жүзі аумағының 26 пайызын алып жатыр, әлем халқының 42 пайызы осы елдерде және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 14,6 пайызы осында өндіріледі...”.
Ел басшысының бұл айтқандарын толық түсіністікпен қабылдауға болар. Бірақ Ресей ақпарат құралдары өздерінің әдетіне басып, БРИК-ті насихаттауды даңғазаға айналдыра бастады. Ең жосықсыздығы – оны басқа құрылымдарға қарсы қойып, қалай да бір шиеленіске апарып тірегісі келеді. Сонда олардың тапқаны – “төрттік” деп аталатын БРИК-ті бұрыннан жұртқа белгілі әлемдегі ең әлеуетті елдер клубы “Үлкен сегіздікке” қарсы қою. Сонда олардың айтпағы – “Үлкен сегіздіктің” күні өтті, болашақ – “Төрттікте” көрінеді.
Бұл ретте Ресейдің “Новости” ақпарат агенттігінің саяси шолушысы Дмитрий Косырев ерекше белсенділік көрсетіп жүр. Оның да белгілі бір топтың тапсырысын орындаушы екенін аңғаруға болады. Бұл жерде біз әлемнің бай елдерін біріктірген “Үлкен сегіздік” клубына емешегіміз үзіліп, ара түсейік деп тұрғанымыз жоқ, әңгіме жетекші елдердің бір тобын екіншісіне қарсы қою пиғылы жайында болып отыр.
Осынау пасық идея авторларының бір бейшаралығы – басқаға тас лақтырамын деп алдымен өз еліне айтарлықтай күйе жаққанын аңғармайды. “Известия” газеті жақында өледі дейтін сол “сегіздіктің” бір мүшесі – Ресей. Рас, кейін Ресейді “сегіздіктен” шығарып тастау керек деген де сөз айтылғаны бар. Қалай дегенде де, “Үлкен сегіздік” жаман болса, ол Ресейге де тиеді.
Жалпы, сонау 1975 жылы құрылған “Үлкен сегіздік” (бұрын “жетілік”) клубының бұрынғы кезін айтпағанда, соңғы кезеңде әлем алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылап, әсіресе, дамушы елдерге, аштықтан күйзелген Африкаға көмек қолын ұсынған қадамдарын әбден-ақ қолдауға болар еді. Соңғы әлемдік дағдарыстан шығу жолдарын іздестірудегі де осы клубтың бастамашылығы атап айтарлық.
БРИК-тің жарнамашылары оның әлемдегі орнын алға тосады. Бұл ретте олардың “сегіздікті” қомсынатындай да жөні жоқ. Айталық, ішкі жалпы өнім көлемі жөнінде Ресейді АҚШ он орап алса, Жапония төрт, Германия үш орап алады. Содан да көп жайды аңғаруға болар еді. Мұны да “Известия” газетінің “төрттік” “сегіздіктің” үстіне шығады деген даңғой тұжырымына орай айтып отырмыз.
Қалай болғанда да, жетекші елдердің бір тобын екіншісіне қарсы қою – арандатушылық идея. БРИК одағы оған біріккен елдердің қарқынды дамуына септігін тигізер болса, оған ақ жол тілеген ләзім. Кейбіреулердің көксегеніндей, олар “Үлкен сегіздікпен” бәсекелестікті мақсат тұтар болса, оның болашағы күмәнді.
Мамадияр ЖАҚЫП.