• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Желтоқсан, 2020

Кәсіпкерлерді қолдаудың павлодарлық үлгісі

413 рет
көрсетілді

Биылғы пандемия кәсіпкерлерге оңай тиген жоқ. Сондықтан бизнес саласы ерекше қолдауға зәру. Әсіресе, кәсіпкерлікке енді қадам басқан жастардың жүрегін шайлықтырып алмай, қолдан келгенше демеу – маңызды міндет. Осы орайда кәсіпкерлерді қолдаудың павлодарлық үлгісі елді елең еткізбей қойған жоқ.

«Zhas-Halyk.Ertis» – жаңа мүмкіндік

Бизнесте бағын сынап көргісі келетін павлодарлықтарды жарылқайтын жоба «Zhas-Halyk.Ertis» деп аталады. Атауынан-ақ оның жастарға арналғанын бірден аңғарамыз. Сондай-ақ бұған елдегі іргелі банк – Halyk Bank-тың қатысы барын да байқау қиын емес. Иә, бұл – Павлодар облысы әкімдігі мен «Halyk Bank» АҚ-ның бірлескен жобасы.

Осы жылдың 10 желтоқсанында жобаның үшінші кезеңі басталады. Бұған дейін екі кезеңі артта қалды. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпкерлердің 40-тан астам бизнес жобасы мақұлданған. Оларға кепілсіз кредиттер беріледі. Осылайша, жас бизнесмендер мен стартапшылар өз идеяларын жүзеге асырады.

– Үшінші кезеңге қажетті құжаттар пакетін жинау, қабылдау жұмыстары 10-28 желтоқсан аралығында өтеді. Бұл – қанатқақты жоба. Тек Павлодар облысында ғана жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның басты артықшылығы – несие кепілсіз әрі төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Қатысушылардың жасына шектеу қойылған. Жобасын ұсынатын кәсіпкерлердің жасы 30-дан аспауы керек. Оларға жеке ісін бастауға немесе бизнесін одан әрі дамытуға 15 млн теңгеге дейін несие беріледі. Қарыз жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады. Несиені өтеу уақыты жобаның негізгі мақсат-міндетіне тікелей байланысты. Мәселен, инвестициялық жобаларға алынған қарызды 7 жылға дейін төлеуге мүмкіндік беріледі. Ал айналым қаражатын толықтыруға үш жыл қарастырылған, – деді Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиев.

 

Креативті жобалар қолдауға ие

Бұл ретте Halyk Bank жобаны жүзеге асыруға 395 млн теңге қарастырып отыр. Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша шамамен 100 млн теңгеге бизнес-жобаларды қаржыландыру жоспарланған.

Белгілі болғандай, облыс тұрғындары түрлі жобаларды ұсынып отыр. Оның ішінде Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларынан бөлек, аудандардан да ерекше жобалар келіп түскен. Мәселен, кір сабын шығару, косметика өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру, кешенді медициналық зерттеулерді ұйымдастыру, наубайхана ашу, спорттық киімдер тігу секілді жобалар бар.

– Креативті жобаларға қашан да жол ашық. Инновациялық ұсыныстар да басымдыққа ие. Қарапайым заттар экономикасына жататын жобаларды да қуана-қуана қарастырамыз. Карантин күшейген кезде біздің өңірде нашар дамыған салаларда дефициттің орын алғанына куә болдық. Сондықтан жас кәсіпкерлерді Павлодар облысында кенже қалған қызметтер мен өнімдерге қатысты жобаларды жүзеге асыруға шақырар едім, – деді басқарма басшысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

«Halyk Bank» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Мұрат Тұрсынхановтың пікірінше, жобалардың бірегейлігі жас кәсіпкердің жеңімпаз атану мүмкіндігін арттыра түспек.

– Біз ұсынылған жобалардың аудан-қалалар үшін қаншалықты қажет екенін зерделейміз. Әйтпесе, нарықта кең таралған жобаларды қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2025», «Өндіріс», «Еңбек» секілді мемлекеттік бағдарламалардың түрлі құралдары бар. Ал «Zhas-Halyk.Ertis» бірінші кезекте стартаптарға бағ­дар­ланған. Қысқасы, жас кәсіп­керлердің ерекше жобаларын қолдаймыз. Ол жобалар өндіріс, қызмет көрсету секілді салаларды қамтыса тіпті жақсы. Нарық үшін жаңа жобалар ұсынылса деген тілек те жоқ емес, – дейді Мұрат Тұрсынханов.

 

Жас кәсіпкерлер дән риза

Деректерге сүйенсек, «Zhas-Halyk.Ertis» жобасының алғашқы кезеңі 12-26 қазан аралығында өткен. Оның қоры­тындысы бойынша арнайы құрылған комиссия жалпы сомасы 203,4 млн теңге болатын 22 жобаны іріктеп алды. Екінші кезеңге қатысу үшін 10-20 қараша аралығында өтініштер қабылданды. Оның нәтижесінде 188,3 млн теңгелік 20 жоба үздік шықты. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша барлығы 42 жоба таңдалған. Осыдан бірер апта бұрын жеңімпаздарға жеңіл­детілген несиелер беріле бастады.

«Zhas-Halyk.Ertis» жобасы бойынша несие алғандардың бірі – Медет Баталов. Кәсіпкер Тереңкөл ауылында тұрады. Ол жылы блоктар мен құрылыс материалдарын шығаратын өндірісті кеңейтуге өтінім беріпті. Кішігірім зауыты бар Медет әуелде құрылыс материалдарын шығаратын құрылғыны өз қолымен жасаған. Кейін сұраныс артып, өндіріс көлемі ұлғайған. Сөйтіп, 2016 жылы құрылыс материалдарын шығаратын арнайы құрылғы сатып алыпты.

– «Zhas-Halyk.Ertis» жобасы туралы естігенде-ақ бірден қызығушылығым оянды. Бойды күдік те биледі. Өйткені, әдетте ауылдықтардың жобалары мұндай бағдарламалардан тыс қалып жатады ғой. Не де болса, нар тәуекел деп, өтініш бердім. Біріншіден, несиенің пайыздық мөлшерлемесінің төмендігі әрі кепілсіз берілетіні қызықтырды. Меніңше, бұл – жастар үшін ерекше қамқорлық. Кәсібін енді бастағандар, мен секілді бизнесін әрі қарай дамытуды көздегендерге тамаша мүмкіндік. Бизнесімді кеңейту үшін 5 жылға 15 млн теңге несие алдым. Бұл қаржыға көп дүние тындыруға болады, – дейді Медет Баталов.

Бірегей жобада бағы жанған жастар­дың қатарында Зухра Қасенова да бар. Павлодарлық жас кәсіпкер бизнес-жобаны әзірлеу барысында нарыққа зерттеу жүргізгенін атап өтті.

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында жұмыс істедім. Декреттік демалысқа шыққан соң, жеке ісімді ашқым келді. Қазір бизнес бастауға мүмкіндік көп қой. Соның бірі – «Zhas-Halyk.Ertis». Жоба туралы естіген соң мүмкіндікті мүлт жібермеу керектігін ұқтым. Мен жартылай автоматтандырылған клининг қызметіне қатысты бизнес-жоспар әзірледім. Біздің өңірде клининг қызметі енді ғана даму үстінде. Нарықта бірнеше ойыншы бар. Солардың қатарынан өзімді де көргім келеді. Жоба аясында 5,2 млн теңге алдым. Оған еден жуатын екі құрылғы сатып аламын. Бірін­шісі – үлкен орталықтардың ішінде жүре­тін оператормен басқарылатын маши­на. Екіншісі – кез келген аумақ­ты тазалауға мүмкіндік беретін шаңсор­ғыш. Жобамның банк тарапынан мақұл­дан­ғанына қуаныштымын. Жастарға қолдау білдіріп отырған банк пен облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін. Мұндай ерекше жоба алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілек бар, – дейді Зухра Қасенова.

 

Жобаға қалай қатысуға болады?

Несие жоба ұсынғанның бәріне бірдей үлестіріле бермейтіні белгілі. Бұл ретте, жобаның қабылдануына әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншіден, қажетті құжаттар пакеті толық тапсырылуы керек. Екіншіден, қатысушылардың шекті жас мөлшері – 21-30 жас. Бұл талапқа сәйкес келмейтін үміткерлердің ұсынысы қарастырылмайды. Үшіншіден, қатысушының несие тарихы дұрыс болуы керек. Несие тарихы «бұзылған» павлодарлықтардың топ жару мүмкіндігі кемиді әлбетте. Төртіншіден, міндетті түрде орта кәсіби немесе жоғары білімі болуы шарт. Егер өндіріс саласына қатысты жоба ұсынылса, онда қатысу­шының аталған салада жинақтаған азды-көпті тәжірибесінің болуы маңызды.

– Қатысушы алдымен бизнес-жос­пар әзірлейді. Одан кейін нарықты зерттеп, зерделейді. Сосын ақпараттық бейнеролик түсіреді. Көп дүние осы бейнероликке байланысты. Өйткені, адамның бағдарламаны қаншалықты білетіні, таңдаған саласын қаншалықты зерттегені, жалпы бизнестен қанша­лықты хабардар екендігі бейнероликтен байқалып тұруы керек. Сондай-ақ жоба жүзеге асырылатын аудан иә қала үшін өзекті болуға тиіс, – деп нақтылады банк филиалы директорының орынбасары.

Кәсіпкердің төлем жасайтын мерзімі оның бизнесіне байланысты белгі­ленетінін атап өту керек. Демек, бұл тұр­ғыдан да кәсіпкер үшін тиімді ұсы­ныстар қарастырылған.

Арнайы комиссия шешім шығар­ған соң банк басшылығы өтініш берушілердің несие тарихын, білімін тексереді. Ал комиссия құрамында об­лыстық кәсіпкерлік және сауда бас­­қармасының, Halyk Bank-тың, «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сы­ның, «Даму» қорының, сондай-ақ биз­нес-қоғамдастықтың өкілдері бар. Алғаш­қы кезеңнің қорытындысы бойынша мақұлданған үш жоба авторының «қара тізімде» тұрғаны белгілі болып, несие берілмеді. Тағы үш адамның орта кәсіптік не жоғары білімі жоқ болып шықты. Ал бұл – міндетті талаптар­дың бірі. Үш қатысушы түрлі себептерге байланысты бағдарламаға қатысудан бас тартты.

Жобаларды қарас­тырудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Яғни келіп түскен өтінімдерді арнайы комиссия қарайды. Соңында банк тиісті іс-шаралардан кейін қорытынды шешім қабылдайды. Банк ұсынған ақша кәсіпкердің қолына тікелей табыс етіл­мейді. Қаржы жобаны жүзеге асыруға қажетті белгілі бір құрал-жабдықтарды, өнімдер мен қызметтерді сатып алу немесе жеткізу шығындарына жұмсалады және осыған негіз боларлық келісімдер мен шарттар ұсынылған жағдайда ғана аударылады. Осылайша банк қаржы­ның мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Ақша игерілген соң кәсіпкер қаражаттың орынды пайдаланылғанын құжаттарды ұсына отырып растауы керек.

Жоба үйлестірушілерінің пікірінше, жастар бизнестің дамуына бейілді. Бірақ олар бетпе-бет келетін екі мәселе бар. Біріншіден, дұрыс бағыттарды бірлесе әзірлеу үшін кәсіпкерлермен өзара іс-қимылды күшейту керек. Бизнесте әрдайым дұрыс қадам жасала бермейді. Оған сол үшін қолдау қажет. Сондықтан бәрін назарда ұстау маңызды. Сонда ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Екіншіден, бизнесті қолдау туралы ақпараттар жас кәсіпкерлердің бәріне бірдей жете бермейді. Мейлінше көп кәсіпкерді қамту керек. Сонда өңірде мықты бизнес орта қалыптасады.

Айтпақшы, «Zhas-Halyk.Ertis» жобасы 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалға­сады. Кәсіпкерлер дәл осы уақытқа дейін өз жобаларын жүзеге асыруға міндетті.

Павлодарлық жастар 10-28 желтоқсан аралығында www.zhashalyk-ertis.kz сайтына кіріп, тиісті үлгілерге сәйкес бизнес-жоспар мен презентацияны жүктеп, өтініш бере алады. Толық ақпаратты 8 (7182) 700-163, 700-342 телефон нөмірлері арқылы алуға болады.

 

Павлодар облысы