Күні кеше футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі ойындар аяқталып, плей-офф сатысына жолдама алған 16 команда белгілі болды.
Кейбір командалар жолдама тағдырын 4 және 5-тур ойындарынан кейін-ақ шешіп қойғанымен, кей топтарда плей-офф кезеңіне шыққан командалар соңғы турда анықталды. Мәселен, В тобында өнер көрсеткен төрт команданың төртеуінде де келесі кезеңге шығатын мүмкіндік болды. 6-турға дейін үшінші орында тұрған «Реал» өз алаңында Бенземаның дублі арқасында «Боруссия М» клубын жеңіп, бірінші орынмен 1/16 кезеңге жолдама алды. «Боруссия М» жеңілсе де жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Ал сырт алаңда «Интермен» тең түсіп, топта үшінші орынды иеленген «Шахтер» Еуропа лигасында бақ сынайтын болды. Италия командасы соңғы орында қалып қойды.
Сонымен, плей-офф кезеңіне мына командалар жолдама алды: «Бавария», «Боруссия» (Дортмунд), «Боруссия» (Менхенгладбах), «РБ Лейпциг» (Германия); «Манчестер Сити», «Ливерпуль», «Челси» (Англия); «Ювентус», «Атланта», «Лацио» (Италия); «Реал», «Атлетико», «Севилья», «Барселона» (Испания); ПСЖ (Франция) және «Порту» (Португалия).
Жеребе тарту рәсімі 14 желтоқсанға, 1/16 кезеңінің алғашқы ойындары 16/17/23/24 ақпанға, қарымта кездесулер 9/10/16/17 наурызға жоспарланған.