ЭКСПО шежіресі: Филадельфия, 1876
Америка құрлығында алғаш рет Бүкіләлемдік әмбебап көрме 1876 жылы Филадельфия қаласында өтті. Бұл әлемдік шара АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясын жариялағанына 100 жыл толу мерекесіне арналды.
1874 жылы Америка президенті Улисс Грант америкалықтарды бүкіл дүние жүзіне жаңа ұлттың қол жеткізген жетістіктерін паш етуге шақырды. Бұл шақыруды конгресс қолдады. Сөйтіп, 1876 жылы АҚШ-тың сол кездегі көлемі жағынан екінші үлкен қаласы Филадельфияда «Өнер, өнеркәсіп бұйымдарының және жер өнімдерінің халықаралық көрмесі» деген тақырыппен Бүкіләлемдік әмбебап көрме өткізілді. Құрлықтағы алғашқы маңызды халықаралық шараны өткізуге Филадельфия қаласының таңдалуының екі себебі бар еді. Біріншіден, бұл қалада «Тәуелсіздік декларациясы» қабылданған болатын. Сонымен бірге, Филадельфияның табиғи орналасу жағдайы да Бүкіләлемдік көрмені өткізуге қолайлы болды.
ЭКСПО шежіресі: Филадельфия, 1876
Америка құрлығында алғаш рет Бүкіләлемдік әмбебап көрме 1876 жылы Филадельфия қаласында өтті. Бұл әлемдік шара АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясын жариялағанына 100 жыл толу мерекесіне арналды.
1874 жылы Америка президенті Улисс Грант америкалықтарды бүкіл дүние жүзіне жаңа ұлттың қол жеткізген жетістіктерін паш етуге шақырды. Бұл шақыруды конгресс қолдады. Сөйтіп, 1876 жылы АҚШ-тың сол кездегі көлемі жағынан екінші үлкен қаласы Филадельфияда «Өнер, өнеркәсіп бұйымдарының және жер өнімдерінің халықаралық көрмесі» деген тақырыппен Бүкіләлемдік әмбебап көрме өткізілді. Құрлықтағы алғашқы маңызды халықаралық шараны өткізуге Филадельфия қаласының таңдалуының екі себебі бар еді. Біріншіден, бұл қалада «Тәуелсіздік декларациясы» қабылданған болатын. Сонымен бірге, Филадельфияның табиғи орналасу жағдайы да Бүкіләлемдік көрмені өткізуге қолайлы болды.
Көрме қалашығы құрылысын салу үшін «жасыл қала» атанған Филадельфияның көптеген саябақтарының бірінен 17 гектар жер бөлінді. Бұл осыдан бұрынғы өткен Париж және Вена қаласындағы көрмелер қалашығының көлемінен әлдеқайда үлкен еді. Көрмені ұйымдастырушылар бөлінген осы жерге негізгі бес павильон құрылысын салды. Бас павильон оның ұзындығы 573 метр, ені 141 метр, ал биіктігі 40 метрді құрады. Гранит пен күйдірілген кірпіштен көркемөнер павильоны тұрғызылды. Оның күмбезінің биіктігі 45 метрді құрады.Павильон ротондосының аумағында Колумбтың ескерткіші бой көтерді. Машиналарға арналған павильон, сонымен бірге, бау-бақша өнімдеріне арналған сарай салынды. Бау-бақша сарайында ұзындығы 70 метр, биіктігі 17 метр жылыжай бой көтерді. Бұл жылыжайдың ішінде 8 субұрқақ тұрақты жұмыс істеп тұрды. Жалпы алғанда бұл құрылыс нысандарының бәрі ерекше байлықты паш ететін америкалық стилмен салынды.
Ерекше атап көрсететін бір мәселе, бүкіләлемдік көрмелер тарихында алғаш рет Филадельфияда журналистерге арналған баспасөз орталығы жабдықталды. Бұл орталық көрменің қоғамдық жұмыстар павильонында орналасты. Сонымен бірге, павильонда банкет залдары, пошта бөлімшесі орналасты. Басқаша айтсақ, бұл павильон бүгінде өтетін ірі халықаралық шаралардан бүкіл әлемге хабар тарататын баспасөз орталығының баламасы еді.
Бүкіләлемдік көрмені ұйымдастыру ерекше жоғары деңгейде өтті. Бұған дейін Еуропада өткізіліп келген көрмелермен салыстырғанда Филадельфия көрмесі дәл белгіленген уақытта – 10 мамыр күні ашылды. Көрменің ашылу күніне тек Ресей мен Қытайдың экспонаттары келіп үлгермеді. Олар тиелген кемелер Филадельфияға 6 күн кешігіп жетті. Көрменің ашылу салтанатын өткізу қарсаңында 2 күн бойы толассыз жаңбыр жауды. Көрме қалашығын су басып кетті. Соған қарамастан нөсер жаңбыр тоқтағаннан кейін 4-5 сағат өткен соң Бүкіләлемдік әмбебап көрменің ашылу салтанаты өтті. Салтанат рәсіміне жүз мыңнан астам адам қатысты. Америка құрлығында алғаш жалауы желбіреген халықаралық көрмені АҚШ Президенті Улисс Грант пен Бразилия императоры ІІ Педру салтанатты жағдайда ашты.
Филадельфия көрмесі өткен кезеңде адамдардың көрме қалашығына көптеп қатынаулары үшін жан-жақты жағдай жасалды. Ұйымдастырушылар қоғамдық көлік қатынасына ерекше мән берді. Көрме қалашығының аумағында арнайы шағын вагондар тіркелген пойыздар дамылсыз қатынап тұрды. Осыған байланысты көрме қалашығының бір шетінен екінші шетіне жету қонақтар үшін ешқандай қиындық туғызбады. Сонымен бірге, Филадельфия қаласы мен көрме қалашығы арасында арнайы тартылған теміржол торабы арқылы жүрдек пойыздар 15 минут сайын қатынап тұрды.
Америка құрлығында өткен бұл алғашқы көрмеге Еуропаның барлық ірі мемлекеттері және Оңтүстік Америка елдері қатысты. Көрме қалашығында, әсіресе, Англия мен Францияның павильондары кең көлемде қанат жайды. Жалпы, көрмеге қойылған экспонаттар 6 топқа және 394 класқа бөлінді. Көрмедегі машина павильоны келушілердің ерекше назарын аударды. Машина павильондарына қойылған экспонаттардың үштен екі бөлігі АҚШ кәсіпкерлерінің үлесіне тиді. Көрмені тамашалаушылар үшін америкалық инженер Д.Корлисстің алып бу қозғалтқышы ерекше қызығушылық туғызды. Бұл бу қозғалтқышының биіктігі 13 метр, салмағы 56 тонна болса, оның қуаты 1400 аттың күшіне тең болды. Техникалық павильонда бу қозғалтқыштарының күшімен жұмыс істейтін көптеген станоктар орын алды. Сонымен бірге, автоматта станоктардың алғашқы үлгілері қойылды. Машина павильондарында сол заманғы озық әскери техникалар да кеңінен көрініс тапты. Бұл ретте атақты Крупп зауыттарынан шыққан 60 тонналық алып зеңбіректі атап өтуге болады. Бұл зеңбіректің диаметрі 35,5 сантиметр ұңғысынан жарты тонна снаряд атқылайды. Көрмеде «Тынық мұхиты теміржол компаниясының» өнімдері көпшіліктің көңілінен шықты.
Филадельфия көрмесі адамзат өнерінің озық үлгілері болып табылатын бірқатар техникалық жаңалықтарды паш етті. Атап айтқанда, осы көрмеде алғаш рет Александр Белл телефоны және Томас Эдисонның телеграфы көрсетілді. Халықаралық көрмеде алғаш таныстырылған бұл телефон үлгісі мен телеграф одан кейінгі ондаған жылдар бойы адамзат игілігіне пайдаланылды.
Өнер сарайында әлемнің 20 мемлекетінен келген суретшілер мен мүсіншілердің туындылары қойылды. Бұл Америка құрлығында алғаш өткен халықаралық көркемөнер көрмесі еді. Сондықтан америкалықтар тарапынан оған деген қызығушылық зор болды. Көркемөнер көрмесіне Англиядағы Королева академиясының суреттерінің коллекциясы, Франция мен Италия өнер шеберлерінің атақты туындылары қойылды.
Филадельфия көрмесі өтіп жатқан күндері ауа райы ерекше қаталдық танытты. Өңірде бұрын-соңды болмаған ыстық орнады. Сол кезеңде көрмеге келушілердің естелігі бойынша, «көрме залдарында қапырықтан демалатын ауа жетіспеді. Келушілер арнайы насоспен суық су беріп тұрған павильонға жетуге асықты». Көрмені ұйымдастырушылардың есебі бойынша, осы аптап ыстық көрмені тамашалаушылардың қатарын сиретті. Филадельфия халықаралық көрмесінің қорытындысында оны ұйымдастырушылар 1,9 миллион доллар шығын шекті.
АҚШ үшін бұл Бүкіләлемдік әмбебап көрменің маңызы ерекше болды. Бұл көрме алғаш рет бүкіл әлемге Американың салыстырмалы түрде аз уақыттың ішінде қол жеткізген техникалық жетістіктерін паш етті. Бұған дейін Америкадағы теміржол құрылысының Еуропадағы теміржол құрылысынан әлдеқайда озық кеткендігі жөнінде айтылып жүрген болатын. Ал осы көрмені ұйымдастырушылар америкалықтардың теміржол саласында ерекше зор жетістіктерге жеткендігін айқын көрсетті. Осы көрмені ұйымдастыру барысында Америка құрлығы өзінің өнеркәсіптік әлеуетінің қаншалықты дәрежеде дамығандығын кәрі құрлыққа алғаш рет дәлелдеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».