• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Желтоқсан, 2020

Шымкенттік фабрика "Іскер" арнайы сыйлығының лауреаты атанды

291 рет
көрсетілді

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі онлайн режимде өтті. 

Ел Президенті өзінің құттықтау сөзінде отандық кәсіпорындар – ұлттық экономиканың тірегі, басты күшіне айналғанын айтты. Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістігін айта келе, пандемияға қарамастан отандық кәсіпорындардың экспорттағы үлесінің төмендемегеніне алғысын білдірді.    Аталған жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те онлайн қатысты.    Биыл Шымкенттен «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға 6 компания өтініш білдірді. Оның ішінде «Іскер» арнайы сыйлығының лауреаты болып «Alem BT» ЖШС-і танылды.    «Әлем БТ» ЖШС-і - отандық нарықты толық қамтамасыз етуден бөлек, шетелге де өнімдерін экспорттап жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Бұл қазақстандық шұлық-тоқыма зауытының өнімдеріне сұраныс жоғары. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 16 миллион жұп өнімді құрайды. Ерлер, әйелдер мен балаларға арналған 200-ден астам шұлық өнімдерінің ассортиментін шығарады. Кәсіпорын жұмыс істеп тұрған барлық кезеңде 2 млрд.теңгеден астам өнімді ТМД және Еуропа елдеріне экспорттады.   «Алтын сапа» премиясы жыл сайын үздік тауар өндірушілер, қызмет көрсету сапасында жоғары жетістіктерге қол жеткізген кәсіпкерлерге конкурстық негізде беріледі. Аталған байқауда жыл сайын төрт номинация бойынша сыйлықтар тағайындалады. Яғни, әр жылы өндірістік, қызмет көрсету, халыққа тауар ұсынатын, тамақ және ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын ең үздік кәсіпорын иегерлері анықталады.   Айта өту керек, бұған дейін байқауда «Kazmedpribor Holding» ЖШС (2015 ж), «Karlskrona» ЖШС (2016 ж), «Химфарм» АҚ (2016 ж), «Планта» ЖШС (2017 ж), «Азала текстиль» ЖШС (2018 ж) жеңімпаз атанған болатын.