Қауіптің барын біле тұра балықшылар неге мұзға шығады екен? Шығыста бір күн ішінде үш көлік мұз астына түсіп кеткен,деп хабарлайды Egemen.kz
Оқыс оқиға Көкпекті ауданы мен Шүлбі кентінде болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, балықшылар демалыс күндері су қоймаларына қарай жолға шыққан.
Әлбетте, қауіпсіздік ережелерін ескермеген. Көліктің екеуі Көкпекті ауданында, енді бірі Шүлбі суқоймасында мұз астына түскен. Көліктерді судан шығаруға құтқарушылар тобы көмектесті.
"Шүлбідегі құтқарушылар көлігі мұз астына түсіп кеткен жүргізушіні арнайы "Кунг" автокөлігіне отырғызып, жылынуына жағдай жасадық",деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.Аброй болғанда, адам шығыны жоқ.
Құтқарушылар ескертпей жатқан жоқ, департамент мамандары балықшылармен кездесіп, мұз үстімен жүрудің қауіптілігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп-ақ жүр. Бірақ, ескертуге құлақ асып жатқандар аз.