Бүгін Тәуелсіздік күніне орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті. Ел егемендігіне арналған жиынға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, жамбылдықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бергі Әулиеата өңірінің жетістігі мен дамуы туралы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, жиын барысында бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Екінші дәрежелі «Достық» ордені Қордай ауданы, Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Бұларов пен «Жамбыл облысы бойынша Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» президенті Мухабат Турдыеваға тапсырылды. Ал, Меркі ауданынан «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дастан Айтөленов, Жуалы аудандық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Естемес Аманбеков, Мойынқұм ауданынан «Агрофирма Түрікпен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Бауыржан Әбілдаев, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Анна Вундер, Тараз қаласынан «Altais Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Әлімбек Жұмабаев, Тараз қаласынан өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейрханова және еңбек ардагері Щорс Шарафутдинов «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, екінші дәрежелі «Еңбек» ордені Сарысу ауданынан «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бас инженері Мұхамедияр Ріпбаев, Шу ауданынан «Қазақстан теміржолы жүк тасымалдау» акционерлік қоғамының Шу локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Төлеген Барлыбаев, Жамбыл ауданынан «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік кооперативінің механизаторы Николай Ивкин, Талас ауданынан «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының автокран жүргізушісі Рысқали Майсупов және Тараз қаласынан «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Минералды тыңайтқыштар» зауыты «Аммофос» цехының аппаратчигі Дүйсен Шынхожаевқа берілді.