• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Желтоқсан, 2020

Ақтөбе облысының медицина мекемелеріне жаңа көліктер жеткізілді

146 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысының медицина мекемелері «JAC Ѕunray» маркалы жаңа 15 реанимобиль көлігімен толықты. Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин барлық аудандық аурухананың бас дәрігерімен кездесіп, оларға жаңа көліктердің кілтін табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ел Үкіметі азаматтарымызды қауіпті індеттен аман алып қалу үшін дер кезінде  тиісті шараларды қабылдады. Әлемді шарпыған  қауіпті дерт  бізге де оңай соқпағанымен, тәжірибелі дәрігерлеріміз бен орта және кіші медицина қызметкерлерінің арқасында науқастанған көпшілік азамат сауығып шықты. Індет кезінде дәрігерлік міндеттерін адал атқарған, халықтың денсаулығы үшін қазір де күндіз-түні аянбай  күресіп жүрген барлық медицина қызметкеріне алғыс айтамыз», деді Оңдасын Оразалин.

Қазіргі кезде өңірдегі барлық медициналық мекеменің қарамағында 341 бірлік жедел жәрдем көлігі тіркелген. Алайда 900 мыңға жуық тұрғыны бар шалғай елді мекендері көп облысқа 341 автокөлік аздық етеді.

Соған байланысты жедел жәрдем көліктері қорын жаңарту және санын көбейту жұмыстары кейінгі жылдары жандана түсті. Мәселен, тек 2020 жылдың өзінде жергілікті бюджеттен 239,4 миллион теңгеге «УАЗ» маркалы 24 санитарлық автокөлік пен «FORD» маркалы бір неонаталды реанимобиль сатып алынды. Бұдан өзге лизинг арқылы «Hyundai H-350» маркалы 19 реанимобиль және «JAC Ѕunray» маркалы 20 реанимобиль алынды.

Облыс әкімі өңірдің 12 ауданы жаңа 15 реанимобильмен толыққанына қарамастан, 2021 жылы да медицина мекемелерін жедел жәрдем көліктерімен жабдықтау жұмысы жалғасатынын хабарлады. 2021 жылы аудандық ауруханалар үшін облыстық бюджет есебінен тағы да  21 жедел жәрдем көлігі сатып алынатын болды.