Көкшетауда Қопа көлінде балық аулау фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Cалауатты өмір салтын насихаттап, қысқы спорт түрлерін жан-жақты дамытуды мақсат еткен фестивальге 100-ден астам әуесқой балықшы қатысты. Олардың арасында тәжірибелі адамдар да аз емес. Ұзын-ырғасы үш сағатқа созылған жарыс барысында әрбір қатысушыға бірнеше қармақпен балық аулауға рұқсат берілді. Тек бір ерекшелігі қармақтағы ілмектер екеуден аспауы керек.
Қатысушылардың ішінде бас жасар баладан сексенді алқымдап қалған ақсақалдарға дейін бар. Тіпті, мұз айдынына шығып, қармақ салғандар арасынын әйелдерді де кездестіруге болады. Соның бірі Көкшетау қаласының тұрғыны Оксана Шигрина балық аулаудан адам жаны рахатқа бөленіп, денсаулығы нығаяды деп есептейді. Әрі достарыңмен бірге балық аулаудың жөні бөлек деп түйсінеді.
Ереже бойынша екі немесе одан да көп қатысушыда жиналған балық саны бірдей болса, жеңімпаз балықтың көлеміне қарай анықталады. Жарыс қорытындысы бойынша «Алғашқы балық», «Ең көп балық», «Ең ірі балық», «Ең үздік балық аулайтын отбасы», «Үздік балықшы әйел» аталымдарының жеңімпаздары марапатталды. Ең көп балық жинаған қатысушының қармағына 48 балық ілініпті. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.