• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Сайлау 16 Желтоқсан, 2020

Телевизиялық пікірсайыс өтеді

292 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) кезекті отырысында өзінің тұрғылықты мекенжайында болмайтын азаматтарға басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік беретін есептен шығару куәлігін алу мен сайлау алдындағы жария пікірсайыстарды өткізу мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ОСК төрағасының  орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Ол сайлау заңнамасына сәйкес, сайлау­шы өзінің болатын жерін ауыстырған кезде биылғы 26 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 9 қаңтар сағат 18-00-ге дейін дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуға құқылы екенін хабарлады. Есептен шығару куәлігін тиісті сайлау комиссиясы өтініш пен жеке куәлікті ұсыну негізінде береді. Бұл куәлікті көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беретін күні сайлаушыны оның болатын жері бо­йынша сайлау учаскесіндегі тізімге енгізеді. Жоғалған куәліктер қалпына келтірілмейді, сондай-ақ көшірмесі берілмейді. Бір мезгілде бірнеше сайлау өткізген кезде Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың әрбір түрі бойынша есептен шығару куәлігінің әртүрлі түсін белгілейді, әрбір есептен шығару куәлігінде сайлау науқанының атауы көрсетіледі.

Комиссия төрағасы Берік Имашев сайлаушыларды белсенділік танытып, дауыс беру құқығын қолдануға шақырды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова өз баян­дамасында сайлау алдындағы жария пікірсайыстарды өткізу мәселесіне тоқталды. Мәжіліс депутаттығына кандидаттарының тізімін ұсынған сая­си партиялар ОСК ұйымдастыратын теле пікірсайыстарға қатысуға құқылы. Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттары Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен бекітілген. Құжаттың 4-тармағына сәйкес ОСК пікірсайыстарды өткізу туралы шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік бес күн ішінде телеарнаны анықтап, партиялардың пікірсайыс өткізу күні, уақыты мен орны туралы жазбаша хабардар етеді. Орталық сайлау комиссиясы пікірталасты 2020 жылдың 30 желтоқсанында өткізу туралы қаулы қабылдады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі телевизиялық сайлауалды пікірсайысты «Хабар» телеарнасында өткізуді ұсынған. Телеарна өз кезегінде пікірсайысты өткізу регламентін әзірлеп, келісу үшін Орталық сайлау комиссиясына жіберді. Атап айтқанда, онда қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, сөз сөйлеу кезегі, өткізу тілі мен ұзақтығы көрсетілген. Регламент жобасы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына, сондай-ақ сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес келеді. Осыған байланысты, ОСК телевизиялық пікірсайысты «Хабар» арнасында өткізу туралы қаулы қабылдап, іс-шараны өткізу регламентін бекітті.

Сондай-ақ саяси партиялар бекіткен пікірсайыс қатысушыларының құрамы анықталды. Олар: ADAL партиясынан – партия саяси кеңесінің мүшесі Эльдар Жұмағазиев, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан – партия төрағасы Азат Перуашев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – партия төрағасы Әли Бектаев, Қазақстан Халық партиясынан – партия төрағасы Айқын Қоңыров және Nur Otan партиясынан – партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Отырысқа саяси партиялардың, Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің, «Хабар» агенттігінің, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының өкілдері жә­не аумақтық сайлау комиссиялары қа­тыс­ты.