Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тәуелсіздік мерекесі күні қалалық жедел жәрдем қызметіне барлық қажетті медициналық құрылғылармен жабдықталған 50 жаңа көлікті тапсырды.
Қала басшысы мегаполистегі медициналық мекемелерді модернизациялаудың үш жылдық жоспарына сай жедел жәрдем автопаркінің жаңарып жатқанын айтады.
– Бүгін жедел жәрдем қызметіне жаңа 50 Hyundai – Н 350 BUS Ambulance автокөлігі берілді. Заманауи жедел жәрдем көліктерінің бортында дефибрилляторлар, электрокардиографтар, ӨЖЖ аппараттары мен басқа да қажетті жабдықтар бар, –деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, автопаркті жаңа көліктермен толықтыру қаладағы медициналық мекемелерді модернизациялаудың үш жылдық жоспары бойынша жүргізілуде.
– Ағымдағы жылы 74 стационар мен емханаға шамамен 4,2 мың бірліктегі медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жедел жәрдемнің жаңа 85 көлігі сатып алынды. Келер жылдың басында тағы 50 көлік алынатын болады, – деп атап өтті Алматы әкімі.
«Жаңа көліктер пациенттерге шұғыл түрде жетіп, уақытылы көмек көрсетуге септігін тигізеді. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде өте маңызды. Міндетіміз – қала тұрғындарының денсаулығын сақтау. Сақ болыңыздар!» деп үндеу жолдады әкім қала тұрғындарына.