Алматы қаласында Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы жұмыс істейді. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалиана Георгиева мен Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев Кавказ, Орталық Азия және Моңғолияның потенциалын дамыту өңірлік орталығын қолдау бойынша келісімге келіп, осындай байламға уағдаласқан. Бұл жайлы Ұлттық Банктің баспасөз қызметі хабардарлады, деп жазады Egemen.kz
Әлемде дәл осындай 16 орталық жұмыс істейді. Соңғысы 2018 жылы Қытайда ашылған. Алматыдағы орталық – өңірдегі алғашқы, ал Халықаралық валюта қорының адами капиталды дамыту жөніндегі 17-орталық болмақ. Мұндай орталық ашудағы мақсат – өңір потенциалын дамытуды жүзеге асыру және үйлестіру. Бұл мақсатта 8 елмен (Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан) және әртүрлі қаржы институттарымен терең байланыс орнайды.
«Өңірлік орталық өңірдің макроэкономика, қаржы, ақша-қаражат саясаты, қаржы секторындағы қадағалау және бақылау, статистика, құрылымдық реформалар жасау мәселелеріне басымдық береді. Аталған секторларды дамыту бойынша техникалық көмек ұсынып, workshop (оқу-тәжірибе) пен семинарлар өткізеді. Орталықтың құрылуы, бұл – аймақтың кәсіби дамуына және жалпы ынтымақтастыққа негіз болатын сапалы адами капиталға салынған инвестиция. Орталық жұмысы кәсіби тәжірибе алмасуды тереңдетуге және өңірлік серіктестікті нығайтуға ықпал етеді» делінген Ұлттық Банк хабарламасында.
Еске салсақ, Халықаралық валюта қоры Қазақстаннан өңірлік орталық ашу туралы шешімді Қазақстан, Өзбекстан және Грузия елдерінің өтінішін қарастырғаннан кейін 2019 жылдың қазан айында қабылдады.
АЛМАТЫ