• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 20 Желтоқсан, 2020

Қоғам бірлігі – баға жетпес байлық

423 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты ой-толғамдарын айтып, экономиканы дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, пандемиямен күрес мәселелеріне қатысты атқарылатын іс-шараларға тоқталған болатын. Соған орай ел азаматтарынан редакциямызға келіп түскен пікірлерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қай халықтың да, қай мемлекеттің де негізгі мерекесі – ұлттық Тәуелсіздік күні. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекеге орай ел азаматтарын марапаттау рәсімінде тәуелсіздіктен кейінгі тарихи оқи­ғаларға тоқталып өтті.

Президент айтқандай, Тәуелсіздік жылдарында елімізде атқарылған жұмыс өте көп. Олардың барлығы ел тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Әсіресе, елдігіміз сыналған сәттерде халқымыздың бірлік пен ынтымақты ту етіп, жұмыла еңбек еткенін ерекше атап өтуге болады.

Тәуелсіздігіміздің 29 жылын тарих енші­сіне қалдырып, еліміз егемендігінің оты­зын­­шы жылын бастағалы отырмыз. Осы ара­­лықта іргелі елге айналып, мемлекет­тілі­гіміз орнықты. Заман талабына сай мемлекет құрдық, оның тиімді басқару аппаратын қа­лып­тастырдық. Осы жұмыстардың басын­да Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Енді бұл жұмысты Қасым-Жомарт Тоқаев жал­ғас­тырып, елімізді алға бастап келеді. Елі­міздің алдында тұрған міндеттер өте ауқымды. Оларды ел-жұрт болып еңсеруіміз керек.

Президент айтып өткендей, халық тұр­мысын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлжуаз топтарға көмек көрсету жұмыстары алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асатын болады. Еліміздің алдында мақсатты бағдар тұр. Ал сол мақсатқа жету үшін бейбіт күн керек, халқымыз бір адамдай жұмылып еңбек етуі керек.

Қазіргі таңда әлемді жайлаған панде­мия­ға қарсы күрес – күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі болып отыр. Осы тұрғыдан айтсақ, мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеп, қиындықты еңсеріп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйымдастыруымен індетке қарсы күрес жұмыстары күн өткен сайын жанданып, халықты дәрі-дәрмекпен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісі бір жүйеге түсті.

Осы арада айта кетейін, дәрігерлер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Олар бастарын өлімге тіге жүріп, халық үшін қызмет етуде. Басқаларды құтқарамын деп өмірін қиғандар да жетерлік. Соңғы жылдары елімізде пандемиядан бөлек қиын-қыстау жағдай көп болды. Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны кезінде Мемлекет басшысы сабырмен тиянақты, жан-жақты жұмыстар жүргізе білді. Соның барлығы өзінің оң нәтижесін берді.

Осы ретте бай тәжірибесімен, түйге­німен еліміздің ардагерлері де игі істерге атсалысып келеді. Ел ардагерлері баға жетпес байлық. Олардың тәжірибесі қашанда қажет. Қазіргі қиын-қыстау кезеңде ха­лықты сабырға шақырып, білгенімен бөлісіп, көмек көрсетуде, ертеңге үмітпен қарауға үндеуде. Қоғам бірлігі – баға жетпес байлық. Алдағы күндерге үмітіміз зор. 

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

«Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары