Франциялық әріптестермен әңгіме
Сенаттың Қаржы және бюджет, Экономикалық және өңірлік саясат комитеттерінің басшылары Қайрат Ищанов пен Нұрлығайым Жолдасбаева Франция Республикасы Сенаты Қаржы комитетінің төрағасы Жан Артюс бастаған делегациямен кездесті. Онда Қазақстан-Франция ынтымақтастығын, оның ішінде өзара парламентаралық іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесудің басты тақырыбы экономиканы жедел әртараптандыру және оның секторларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат еткен жобаларды жүзеге асыруға француз тарабының қатысуы болды. Н.Жолдасбаева әлемдік қаржы дағдарысы зардаптарын еңсеру және дағдарыстан кейінгі даму үшін мемлекет қабылдаған шаралар туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, жаңа экономикалық саясат міндеттерін жүзеге асыруға, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындауға Ұлттық қордан жыл сайын 8 миллиардқа жуық доллар бөлінетін болады. Сондай-ақ депутат Қазақстанның энергетика, жаңартылатын энергия көздері, аэроғарыш салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі белсенділендіруге мүдделілігін атап өтті.
Қ.Ищанов әріптестерін қаржы заңнамаларын жетілдірудегі заң шығару жұмыстарымен таныстырды және осы саладағы нормативтік базаны қалыптастырудағы пікірлесу мен тәжірибе алмасу жайында ойларын білдірді.
Ж.Артюс Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалады және екіжақты байланыстардың барлық бағыттары, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетуге француз жағының әзірлігін мәлімдеді. “Қазақстан өзінің табыстарымен халықаралық қоғамдастық назарын аударып отыр”,–деді франциялық сенатор,– деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.