• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2013

Импорттық тәуелділіктен құтылудың жолы

593 рет
көрсетілді

Отандық құс шаруашылығын кешенді түрде әрі озық технология негізінде дамыта отырып, сапалы, арзан өнім өндіру – көкейкесті мәселелердің бірі

Отандық құс шаруашылығын кешенді түрде әрі озық технология негізінде дамыта отырып, сапалы, арзан өнім өндіру – көкейкесті мәселелердің бірі

Елімізде құс шаруашылығының өркендеп, одан алынатын өнім көлемінің өсіп келе жатқанына ешкім шүбә келтіре қоймас. Біздің бұл ойымызды статистикалық деректер де қуаттайды. Он жыл аралығында құс басы 70 пайызға көбейіп, жұмыртқа өндіру 3,7 миллиард данаға, ет өндіру 74 пайызға ұлғайған. Жыл аяғына дейін 170 мың тонна құс етін өндіру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы құстарының жалпы саны 34,5 миллионды құраса, 60 пайызға жуығы материалдық-техникалық базасы жақсы қалыптасқан өнер­кә­сіптік негізде өсіріледі. Қазақ­станда құс басының негізгі бөлігі Алматы, Ақмола, Қостанай, Шы­ғыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақ­­стан, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында шо­ғыр­ландырылған. Қазіргі қол жет­кі­зілген өндірістік көрсеткіштер бұл саланың әлеуетінің молдығын көрсетеді. Соған орай Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі құс өнім­дерін өндірушілерге жәр­дем­десу мақсатымен нақты көмек шараларын ұйымдастырып келеді.

Биыл құс етін өндіруге жұм­салатын шығындарды субси­дия­лауға 8,5 миллиард теңге қа­рас­тырылған. Бұл көрсеткіш өт­кен жылға қарағанда 30 пайызға көп. Құс шаруашылықтарының тұ­қым­дық жұмыртқа мен тәуліктік балапандар түрінде сатып алынған асыл тұқымды түрлері де субсидияландырылады. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен тұқым­дық жұмыртқаларды сатып алуға жұмсалатын шығындарды өтеуге 91,9 миллион, тәуліктік балапандарды сатып алуға 123,7 миллион теңге субсидия қарастырылған. Келесі жылдан бастап тауар өндірушілердің өндірістік құры­лыстарға жұмсалатын шығын­дарының белгілі бір бөлігін өтеу үшін инвестициялық субсидия­лау құрылымы қолданылады. Мұндай қаржылық демеу құс шаруашылығына қаржы тарту мүмкіндігін арттырары сөзсіз. 2012 жылғы құрғақшылыққа байланыс­ты туындаған жемазық мәселесін шешу үшін және құс басы мен өнімдерінің көлемін төмендетпеу мақсатымен Үкімет қорынан 264,7 мың тонна жемдік астық бөлінді. Бұл қолданылған шаралар өндірістегі ахуалды тұрақ­тандыруға себін тигізгені анық.

Республиканың шетелден әкелінетін құс етіне тәуелділігін азайту әлі күрделі күйінде қалып отыр. Мәселен, 2012 жылы шетелден әкелінген ет өнімдері жалпы тұтыныстың 61 пайызын құрауы ойландырмай қоймайды. Соның салдарынан отандық кәсіпорындар өз өнімдерін өткізуде көптеген қиындықтарға кезігіп отырғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген отырысында аграрлық секторда, оның ішінде ет өнімдерін экспорттауда қалыптасқан қордалы мәселелер атап көрсетіліп, осыған орай нақты шараларды жүзеге асыру талап етілді. Президенттің аграрлық сектор секілді стратегиялық салаға айрықша назар аударуы өте құп­тар­лық. Ішкі-сыртқы, өңірлік, салалық орасан ресурстарға ие бола тұра игерілмей жатқанын, орнымен пайдалана білсек, ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу секілді үлкен мақсатқа жетудің зор мүмкіндіктерін көрсетіп берді.

Алдымызда 2016 жылға таман 60 мың тоннаға дейін ет өнімдерін алыс-жақын шетелдерге сату секілді жауапты міндеттер тұр. Тиісті бағдарламаны орындауға 120 миллиард теңге бөлінгеніне қарамастан істің алға жылжымауы бәрімізді қатты ойландырса керек. Айтылған сын-пікірлердің құс еті экспортына да қатысы бар. Сөз ара­сында бұл мәселе «Егемен Қа­зақ­стан» газеті беттерінде жүйелі көтерілетінін, соның бір мысалына жақында жарияланған «Сыртқа ет шығарудың орнына етті сырттан тасимыз» атты мақаланы келтіруге болады. Сүйікті газетім­нің тұрақты оқырманы ретінде қолыма қалам алуға осындай түйт­кілді жайлардың себеп болға­нын айта кеткім келеді. Әрі құс шаруашылығының тәжірибелі маман-ғалымы ретінде кей ойларымды оқырмандармен бөліскенді жөн көрдім.

Әңгіменің тоқетеріне көшсек, бірыңғай Кеден одағы талаптарына ыңғайланып, Дүниежүзілік сау­да ұйымына кірер алдында құс өнімдерінің тізімдемесін кеңейту мақсатындағы іс-шараларды жеделдеткен жөн. Айталық, АҚШ-та өндірілетін және бірдей стандарттар негізінде ішкі нарыққа шығарылатын шикілей суытылған және мұздатылған құс өнімдерінің тауар ретінде 77 саудалық сипаттамасы бар екен. Ал, біздің ассортиментімізде 10-12 аталым ғана көрсетілген. Демек, ассор­тименттегі өнімдер көлемін ұлғайту үшін түбегейлі өңдеуге баса назар аудара отырып, еліміздегі құс фаб­рикалары инвестицияны пайдалану жолдарын оңтайлы шешіп, құс өнімдерін өндіру технологиясын уақыт талабына сай жаңартулары керек. Бұл – бір. Уақытты соз­бай, тездетіп шешетін екінші мә­се­­ле – республикаға шетелдік құс өнімдерін шамадан тыс әкелуді шектеу, былайша айтқанда, құс етінің импортына тарифтік квота қою. Сонда еліміздің құс өсі­ру­шілері өз жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыра алары анық.

Тағы да қайталап айтамын: Қазақстанға әкелінетін импорттық өнімдерге кедендік салық енгізбей және тарифтік квота қоймай болмайды. Себебі, құс өнімдері нарығында алдымен отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуға жағдай жа­сау керек. Тұ­қымдық, инкуба­циялық жұ­мырт­қалармен, сапалы тәуліктік бала­пандармен қамтамасыз ету, құс тұқы­мын асылдандыру жұмыстарын жолға қою бағыттарында да шеші­мін күткен мәселелер аз емес. Со­лар­дың біріне отандық құс кроста­рының жоқтығын жатқызуға бо­ла­ды. Амал жоқ, олардың асыл тұқымдық арғы тектік және ана­лық түрлеріне, инкубациялық жұмыртқаларына 8-10 миллион АҚШ долларын жұмсап, шетелдерден алуға мәжбүрміз. Осылайша, импорттық тәуелділіктен құтыла алмай отырған жайымыз бар. Әлемдік және отандық генотиптер негізінде елімізде жоғары өнімді құстардың асыл тұқымды жүйесін құру үшін асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруды жоғары деңгейге көтеріп, селек­циялық-тектік орталықтар мен асыл тұқымды құс зауыттарын ашу арқылы бәсекелестікке қабі­лет­ті құс желілері мен кростарын шығару қажет. Бұл мәселе­нің оң шешілуі шетелдерден әкелінетін құс өнімдерінің көле­мін қысқартып, отандық тауар өндірушілердің жұмысына және биоазықтық қауіпсіздігіне оң әсерін тигізері, құс індеттерінің өтуіне шектеу қойылып, осы сала өнімдерінің өзіндік құнының анағұрлым төмендеуіне жетелері тәжірибеде талай қуатталған.

Бұл бағытта Солтүстік Қазақ­стан облысында бірталай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Құс тұқымдарын асылдандыру мен сұрыптама деңгейін көтеру мақсатында Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС-мен бірлесе отырып, құс тұқымдарының генетикалық қорын жасады. Соның нәтижесінде республикада жергілікті үйректің екі желілі «Бескөлдік түрлі түсті» отандық тұқымы шығарылды. Олар жергілікті жердің ауа райына бейімделгіштігімен, жас құстар­дың жоғары сақталынымымен, ағза­да­ғы іш майы мөлшерінің тө­мен­дігімен, өсім салмағы мен өнім бірлігіне жемазықтың аз жұмсалатынымен ерекшеленеді. Жаңа тұқымға сұраныс көп. Бүгінде екі желілі ақ үйректердің кросын шығару жұмыстарымен айналысудамыз. Бір қынжылтатыны, Қазақстанда отандық тауық крос­тары жоқ. Сол себепті еліміздің құс шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілері тұқымдық жұмыртқалар мен тәуліктік асыл тұқымды балапандарды алыс және жақын шетелдерден жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр. Оның үстіне әртүрлі індеттердің келу қаупі бар екенін жоққа шығармаған жөн. Еліміздегі құс сұрыптау сала­сының білгір ғалымы, ауыл ша­руа­шылығы ғылымдарының докторы, профессор Қ.Молдажановтың тікелей ­араласуымен Чехияның «Доминанта» сұрыптау-гене­ти­калық орта­лы­ғы­ның президенті Милан Тыл­ламен бірқатар ке­лі­сімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жұ­мыртқа бағытындағы тауық кростарының таза бастапқы желі­лерінің жұмыртқалары немесе тәуліктік балапандары арзан­датылған бағамен сатып алынатын болды. Бұл келісімдердің ұтым­ды жағы, құстың бастапқы таза желілері арқылы аз уақыт ара­лығында оның арғытектік және ата-аналық топтарын құрып, құс басының тез арада көбеюіне мүмкіндік туады.

Сөз соңында айтарымыз, құс шаруашылығын озық тех­ноло­гияларға негізделген өнер­кә­сіптік жолға көшіретін болсақ, экспорттық әлеуетіміздің артары анық.

Ақан ЖҮНІСОВ,

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Солтүстік Қазақстан облысы,

Бескөл кенті.

Соңғы жаңалықтар