• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Желтоқсан, 2020

Оралда мемлекеттік қызметшілер мұқтаж отбасыларға көмектесті

271 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілері «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» атты қайырымдылық акциясын бастады. Акция аясында 14 млн теңгеден астам қаражат жиналды деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Жиналған қаражатқа күнделікті қажет азық-түлік түрлері сатып алынып, өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған 1100 отбасына таратылатын болады. Бір ерекшелігі, қайырымдылық аясында жасақталған азық-түлік себетіне тек қана Батыс Қазақстан облысы аумағында өндірілген өнімдер енген екен.

Акция Ақ Жайық өңіріндегі мемлекеттік қызметшілердің бастамасымен қолға алынған болатын. Биылғы пандемияның себебінен жаңажылдық жиын-тойды, корпоративтік кештерді өткізуден бас тартып, оған кететін қаражатты мұқтаж жандарға таратсақ деген ойды Орал қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері де қолдаған. Одан бөлек, республикалық бағыныстағы аумақтық департаменттер мен инспекция өкілдері, құқық қорғау органдары қызметкерлері де қайырымдылық акциясына қуана қосылған.

Соңғы мәліметке қарағанда Орал қаласындағы мекеме қызметкерлерінен жиналған қаржы 5 млн 600 мың теңгеге жеткен. Облыстың 12 ауданынан 8 млн 450 мың теңге қаражат жиналған. Бұл қаржыға алынған азық-түлік жиынтығы шынайы мұқтаж отбасыларға таратылады. Орал қаласындағы «Ел ырысы» коммуналдық базарында бүгін облыс орталығында тұратын көпбалалы және аз қамтылған отбасы өкілдері қайырымдылық көмегін ала бастады.