Атырау облысына жұмыс сапары барысында Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қалалық мемлекеттік мекемелердің қайта құрылған қызметімен танысып, бизнес-қоғамдастықпен және жұртшылықпен кездесулер өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл күн «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша жаңа филиалына барудан басталды. Ол бір мезгілде 30 тұтынушыға қызмет көрсетіп, ХҚКО үшін қалыпты емес Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті мен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қызметтерін көрсетеді.
Мемлекеттік мекемелер ұсынатын қызметтің сапасымен танысуды жалғастыра отырып, Шпекбаев облыстық сот жанындағы Құқық қорғау және татуластыру қызметтері орталығына жол бастады. «Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз қызметтер ауқымын кеңейттік. Егер бұрын Орталық азаматтарға тек құқықтық кеңес берсе, қазір өтініш білдірушілер білікті заңгерлік, психологиялық және медиативтік көмек алады», – деп атап өтті облыстық сот төрағасы Б. Жұмағұлов.
Одан кейін Агенттік төрағасы Атырау қаласы сервистік әкімдігінің қызметімен танысты. Бірінші қабат ыңғайлы қызмет көрсету үшін толығымен қайта жасақталған. Сондай-ақ, жедел өзара әрекеттесу үшін қызметкерлер, соның ішінде менеджерлер open space жұмыс нысанына көшті.
Сервистік әкімдік ғимаратында Шпекбаев тұрғын үй, жер алу және тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша азаматтарды жеке қабылдады.
Сондай-ақ, ведомство басшысы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне табан тіреп, «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы жобасының қызметімен танысты және ZOOM арқылы студенттермен кездесті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы А.Шпекбаевтың бизнес-қауымдастықпен кездесуі жұмыс сапарының өзегіне айналып, оның барысында кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелер талқыланды.
Әңгіме барысында Агенттік төрағасы мемлекеттің экономикадағы реттеуші рөлін төмендету және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу қажеттігін тағы да атап өтті.