• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Желтоқсан, 2020

Ұрыларға тосқауыл бола ма?

566 рет
көрсетілді

Ел ішінде мал ұрлығы тыйылмай тұрғаны белгілі. Баяғыша айтқанда, ұрылардың беті қатты болып тұр. Бұл өңірдегі жеке мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырғаны анық. Екіншіден, ішкі тәртіптің де ақсап жатқанын білдіреді.

Ұры-қарының ұсталмауы, ұсталса да жеңіл жазамен құтылып кетуі ағайын­ның ашу-ызасын тудырғанымен, әзірге шарасыздық танытқаннан аса алмай отыр. Тіпті мал ұрлығының алдын алу мен қыл­мысты әшкерелеуде құқық қор­ғау органдары да дәрменсіз екен. Ал барымтадан келген шығын өсіп барады. Мәселен, биылғы он ай ішінде ғана қолды болған малдың құны 1 млрд теңгеден асқан. Ашылған қылмыстың саны болғанымен, шығынның өтелуінде сапа жоқ. Өйткені, жыл басынан бері ұсталған ұрылардан өндірілген құнның шамасы 17 пайызға әрең жетіп отыр.

Жалпы, мал ұрлығын кәсіп қылған баукеспелердің қолға түсуі мен жоғалған малдың құнын толық өтеуі өте сирек болатын жағдай. Әсіресе аяқты малдың өрісте жүріп қолды болғанын дәлелдеу қиын іс дейді із кесушілер. Бұған мал иелерінің бейқамдығы мен полицияға уақтылы шағымданбауы да кері әсер етеді. Ал ай­мақтардағы мал ұрлығы белең алған аудандарға жасалған талдау бойынша, ұрылардың дені екі облыстың шектесетін тұсында сүргінді салады екен. Тіпті, көр­ші мемлекеттердің шекарасына жақын орналасқан аумақта жекелеген тойымсыз топтар  мал ұр­лы­ғын кәсіпке айналдырып алғанын тұр­ғындар да, тәртіп сақшылары да мойын­дайды. Екі жағдайда да шекара асқан малдың ізіне түсу мүмкіндігі төмендей береді дейді мамандар. Яғни, қыр асқан тұяқтының басым бөлігі жылдам сойылып, ет базарларына шығып кетеді. Ал базардағы қызыл еттің нақты егесінің кім екенін адам айырып болмайтыны анық. Әрине, мұндай әрекетті адамның ар-ұяты ғана шектеуі мүмкін, тек, ұрыда иман болмайтыны бағзы заманда-ақ айтылған-ды...

Рас, соңғы бір жылда мал ұрлығын бол­дырмауға қатысты заң талабы күшей­тілді. Қылмыстық кодекске жаңа тармақ, «мал ұрлығы» бабы енгізілді. Бұл бап бойынша ұсталып, қылмысы дәлелденген адамның жазасы ауырлайды. Бұрын ақ-адал малды қолды қылған қылмыскерге берілетін жаза мөлшері 3 жылдан аспайтын болса, жаңа бапқа соттылық мерзімі 5 жылға дейін ұзарып, ұрыны бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылған. Қазір ұр­лығы әшкере болған адамға 8 млн теңге шамасында айыппұл салынатыны тағы бар. Сот үкімінен кейін қылмыскердің дүние-мүлкін тәркілеу шарасы да тәжірибеге енді. Алайда мұның бәрі ұрылардың бетін қайтаруға бәлендей ықпал етпеген сыңайлы. Екінші жағынан қарағанда, мал ұрлығының жедел анықталып, әшкере болуы өте төменгі деңгейде қалып отыр. Прокуратураның мәліметіне үңілсек, осы сипаттағы қыл­мыстардың ашылуы 41 пайыздан аспайды. Бұл жерде ұрылардың бетімен кетуіне қазақтың «ұсталмаған ұры емес» деген қағидасы арқау болса керек. Ал тәртіп сақшыларының уәжі мал иесінің жауапсыздығына қатысты екен.

Айтпақшы, қоғамдағы өткір мәселе шамалы уақыт бұрын Парламент Се­на­тында да сөз болған. Ел ішіндегі мал ұрлығының азаймай отырғанына алаң­даған халық қалаулылары әлі де заңды күшейту керек деген пікірде. Және оларды жергілікті полиция қызметінің жұмыс істеу тәсілі қанағаттандырмайды екен. Яғни ұры-қарының жолын кесуге тәртіп сақшыларының құзыреті әлі де болса жеткіліксіз көрінеді. Сондай-ақ сенаторларды малы жоғалған адамның арызын қабылдау үшін түрлі сылтау айтатын полицейлердің әрекеті де алаң­датады.

– Өңірлерде полиция қызметкер­лерінің малдың жоғалуы туралы де­ректі тіркемейтіні анықталды. Олар тұр­ғындардың малдың еркін жайылуы үшін қараусыз жібергенін айтып, ұрлық туралы арыздарды қараудан бас тартып отыр. Яғни, бұл жерде қылмысты жасырудың теріс тәжірибесі жалғасып келеді. Екін­шіден, жергілікті атқарушы органдар ауылдық жерлерде мал жаю мәселелері тиісті түрде шешпейді. Ал мал иесі өз малының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиісті әрекет ете алмайды. Бұл қоғамдық мәселе.  Өйткені мал ұрлығы әлеуметтік қауіп төндіретін қылмыстың ұйымдасқан түріне жатады. Ал оның дер кезінде ашылмауы өте қауіпті, – дейді сенатор Нұрлан Бекназаров.

Бірақ бұдан құқық қорғау органдары мал ұрлығына қатысты қылмысты ашу үшін қаракетсіз отыр деген пікір тумауы керек. Жұмыс жүруде, нәтиже де бар. Мысалы, осы айда ғана Алматы облы­сының полицейлері бір тәулік ішінде бұ­рын жасалған 15 мал ұрлығын ашты. Бұл жетіс­­тікке «Мал ұрлығы» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қол жетті.

– Арнайы шараның алғашқы күні-ақ бұған дейін жасалған немесе алдыңғы жылдары жасалған 15 қылмыс ашылды. 9 бас мал заңды иелеріне қайтарылды. Оның ішінде үш жылқы, екі сиыр, төрт ұсақ мал бар. Мал ұрлығын жасады деген күдікпен 14 адам ұсталды. «Мал ұрлаушы» санаты бойынша 4 азамат профилактикалық есепке қойыл­ды. Біз 57 базарды, ет павильондарын, мал мен ет өнімдерін сататын басқа да орындарды тексердік, 187 шаруа қожалығында, жайылым орындарында, фермаларда және т.б. тиісті жұмыстар жүргіздік. Со­ны­мен қатар тиісті құжаттарсыз мал та­сы­малдап жүрген 11 адам анықталды. Олардың әрқайсысына заңда көзделген әкімшілік жауапкершілік шарасын қарау үшін хаттама толтырылып, ветеринарлық қызметтерге жіберілді,  – дейді Алматы облысы Полиция департаменті Криминалды полиция басқармасының бастығы, полковник Асхат Данияр.

Қалай дегенмен де мал ұрлығын түбегейлі жойып жіберу мүмкін бол­мағанымен, оның алдын алу, санын азайту әрекеті жеміссіз емес. Тек, ендігі жерде мұндай арнайы іс шараның ел көлемінде жиі өтіп тұруынан үміттенуге болар. Өйткені, «Мал ұрлығы» шара­сы­ның алғашқы күні-ақ ашылған қылмыстар бар. Мәселен, жетісулық полицейлер Кербұлақ ауданы аумағында әрекет еткен тұтас қылмыстық топты ұстады. Ұрылар Сарыөзек және Шилісу ауылдары тұрғындарының аулаларынан түнгі уақытта қой мен ешкі ұрлауды тұрақты кәсіп етіпті. Із кесу үстінде ауылға келгіштеп жүрген «Мерседес» автокөлігін бақылауға алған. Көп ұзамай ұрылар қылмыс үстінде қолға түскен. Ұрылар Кербұлақ ауданы мен Қапшағай қаласының тұрғындары екен. Олар қолды қылған малды ары қарай етке өткізіп, базарлау үшін Қарасай ауданындағы сыбайластарына жеткізіп отырыпты. Ал ұрылар бірер күн аралығында 25 бас уақ жандықты үптеп үлгеріпті...

 

Алматы облысы