• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Желтоқсан, 2020

Күміс алқалы ана апаттық үйде тұрады

2351 рет
көрсетілді

Саманнан соғылған тоқал тамның қақырап бара жатқан қабырғасынан жел үреді. Қыстың көзі қырауда. Бөлменің ортасында лекерлеп қойған төрт тіреуі болмаса, төбесі ойылып ортаға түсердей. Ақжардағы апаттық жағдайдағы осынау жадау үйде күміс алқалы ана тұрады.

Алты бала тәрбиелеп өсірген Жұмақановтардың үйі әне-міне құлағалы тұрғанымен, тәуелсіз сарапшылардың «апаттық жағ­дай­да» деп танып, берген актілері жоқ. Өздері жадау үйдің жай-жап­сарын айтып, әкімдіктің та­бал­дырығын тоздырғалы қа­шан?! Көмек болса, қанеки... Осын­дайда «аспаннан киіз жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмайды» деген мәтел еріксіз еске түседі. Әйтпесе, мереке сайын кілт ұстап суретке түсіп жатқан көп балалы аналардың қатары аз емес.

– Аудан әкімнің орынбасары Әлібек Байжұманов келіп, ешқандай көмек болмайтынын айтты. Үйді өздерің жөндеп алыңдар немесе Халыққа қыз­мет көрсету орталығына барып тір­ке­лің­дер деді. Тіркелуін тір­ке­­леміз ғой, бірақ үй апаттық жағ­дайда деген қағаз жоқ. 2017 жылы өті­ніш бергеміз, оның уақыты өтіп кетті. Әкімдікке бір емес, бір­неше рет бардық. Еш қайыр бол­мады, – дейді алты ба­ла­ның анасы Гүлназ Тұр­лы­қо­ва.

Балаларының үшеуі кәме­лет­тік жасқа толмаған, мектепте оқиды. Ал Гүлназдың өзі – ауыл­да­ғы Халық банкінің филиа­лын­да еден жуушы. Алатын айлығы – 13 мың теңге. Күйеуі Ермак Жұмақанов вахталық әдіспен жұмыс істейді. Бір ай жұмыста болса, бір ай үйде. Айлығы – 60 мың теңге. Оның өзі екі айда бір кіретін кіріс. Ұстап отырған малы да жоқ.

Г.Тұрлықованың айтуынша, бұл үйде кезінде ата-енесі тұрған. Аядай ғана екі бөлмелі қара шаңырақты кеңейтуге, жөн­деуге жағдайлары жоқ. Тап­қан-таянғандары бала-шаға­сы­нан аспайды. Егер облыс ор­та­лы­ғы­нан комиссия келіп, баспана­ла­рына сараптама жасайтын болса, қоғам белсендісі, Тар­ба­­ғатайдың тумасы Әсел Мер­жа­қып заңдылық жағын наза­рында ұс­тап отыратынын айт­ты.

– Тұрып жатқан үйлерінің жағ­дайы өте нашар. Мән-жай­ды жақ­сы біліп отырмын. Көмек бе­руге лайықты отбасы­лар. Ба­ла­ла­ры да тәрбиелі. Өзде­рі ешкімнен алақан жайып кө­мек сұрамайды, – дейді Әсел Мержақып.

Ресми деректерге сүйенсек, биыл Ақжар ауылында ғана 26 пәтер қолданысқа берілген. Оның 14-і көп балалы отбасыларға бе­ріл­­се, 6-ы әлеуметтік осал топ­та­ғыларға бұйырды. Ал қал­ған 6 үй баспаналары апаттық жағ­­дайда тұрған азаматтарға беріл­ді. Оның бәрі 21 адамнан тұра­тын аудандық комиссияның қадағалауында болды. Комиссия құ­рамында көп балалы аналар, округ әкімі жанындағы қа­уым­­дастықтың алты мүшесі, ком­му­налдық шаруашылықтың, «Алтайэнергияның» директорлары болған екен. Біз де тоқал тамда тұ­рып жатқан Г.Тұрлықованың мәсе­­лесін алға тартып, аудан бас­­шылығына, округ әкіміне хабар­лас­қан едік.

– Ақжардағы үйлердің 80 па­йызы 50-60 жылдары салынған. Оның ішінде апаттық жағдайда тұрғандары көп. Г.Тұрлықова «үйім апаттық жағдайда тұр» деп 2016 жылы Халыққа қызмет көрсету бөлімшесіне барып тір­кел­уі керек болған. Содан ке­йін тәуелсіз сарапшылар үй­дің жағдайын анықтар еді. Был­тыр көп балалы отбасыларға 9 үй бергенбіз. Биыл 6 отбасы бас тартты. Себебі Ақжардан берілетін үй арендалық болған соң ай сайын 13 мың теңге төлеуі тиіс. Жылына шаққанда – 156 мың теңгедей. Сонымен қатар балалары 10-11 оқитын ата-аналар пәтерді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы қаладан алғылары келеді. Бәрі сәтімен болса, келер жылға 30 үй көтеруді жоспарлап отырмыз. Сонымен мәселе шешіліп қалатын сияқты. Жеке кәсіпкер 30 пәтерлі 15 үй салуды көздеп отыр. Баспана кезекпен ғана беріледі, – дейді Ақжар ауылдық округінің әкімі Асқар Боғырбаев.

Иә, жоспар ойдағыдай болса, келер жылы Ақжарда 60 отбасы қоныс тойын тойламақ. Ал Жұмақановтар отбасы бұл тізімге енуі үшін Халыққа қызмет көрсету филиалына барып, үйдің жағдайын есепке іліндіруі тиіс. Содан соң тәуелсіз сарапшылар үйдің күйіне байланысты шешім шығарып, жаңа үйге қол жеткізуге жол ашатын көрінеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы