Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ел үміті» бағдарламасы аясында халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне берілетін El maqtanyshy сыйлығы, «Мың бала» ұлттық олимпиадасы және жеті негізгі бағыт бойынша талантты жастардың әлеуетін дамыту үшін «Елбасы медалі» тағайындалғаны белгілі.
Павлодар облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен салтанатты іс-шараға «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары, республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Жұбаныш Аманбек, облыс орталығындағы №38 мектептің оқушысы Мұстафа Тілеубекұлы, Кенжекөл орта мектебінің 6-сынып оқушылары Нұрасыл Шәкар, Алтынай Қабиболла, Айхана Қалиева қатысты.
Облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Хайдар Қайырбек 500 мың теңге сыйақы көлемінде
El maqtanyshy сыйлығын алды. Хайдар биыл 52-ші Халықаралық олимпиадада қола жүлде алса, ұстазы Оразбай Асылбек те марапатқа ие болды. Осы оқушылар сияқты «Ел үмітін» жеңіп алған өңіріміздің 53 жас өреніне Нұрсұлтан Назарбаев қорынан ноутбуктер табыс етілді. Ал облыс орталығындағы №17 мектептің оқушысы Эвелина Рудько, №24 мектебінің оқушысы Алланұр Ысқақов, «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Арнұр Дәулет сияқты 14 оқушы «Елбасы медалімен» марапатталды.
Жас дарындарды құттықтаған өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов Елбасы жас таланттарды әрдайым қолдайтынын және елімізде олардың одан әрі дамуы үшін жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Облыс әкімдігінде өткен марапаттау рәсіміне 9 оқушы қатысты, қалған 64 оқушы кездесуге өздерінің тұрғылықты жерлері бойынша өңірдің қалалары мен аудандары әкімдіктерінен онлайн байланыс арқылы қосылды.
Павлодар облысы