Теннисшілердің әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Жерлестеріміздің дені АТР және WTA тізімдеріндегі өздерінің бұған дейінгі орындарын сақтап қалды.
Атап айтсақ, әйелдер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 19-орынды олжалауда. Қазақстандық теннисшілер арасындағы ең үздік нәтиже әзірге осы. Юлия Путинцева 28-орынға жайғасса, Зарина Диас 80-сатыға табан тіреді. Қазіргі кезде WTA тізімінде аустралиялық Эшли Барти жеке-дара көш бастап тұр.
Ерлер арасында бүгінгі таңда Сербияның саңлағы Новак Джоковичке тең келер ешкім жоқ. Ал «ТОП-100» ойыншының қатарына Қазақстанның қос өкілі еніп отыр. Олар – Александр Бублик (50-орын) пен Михаил Кукушкин (89-орын).