Түркістан облысында полицейлер жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабаралды.
Сайрам аудандық полиция бөлімінің кезекшісіне түнгі уақытта Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 667 шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері белгісіз көліктің жүргізушісі жолды кесіп өтпек болған тұрғынды қағып, соңынан қашып кеткенін анықтаған. Апат салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.
Аталған жайт Сайрам аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 345-бабы (көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) және 347-бабы (жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тіркелді.
Жол-көлік оқиғасына қатысы бар жүргізушіні ұстау мақсатында Сайрам аудандық полиция басқармасы қызметкерлерімен жедел-іздестіру жұмысы жүргізілді.
Оқиға орнынан белгісіз жүк көлігінің сынық қалдықтары алынды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде тәртіп сақшылары кінәлі жүргізушіні қолға түсірді. Ол қамауға алынды. Тексеру барысында анықталғандай Ташкент бағытына қарай кетіп бара жатқан «Мерседес-Бенс» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған Алматы қаласының тұрғынын қағып кеткен.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Тәртіп сақшылары болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауда.