Келер жылдың наурыз айынан бастап аймаққа вакцинаның 80 мың дозасы кезең-кезеңімен әкелініп, егу жұмыстары басталады. Бүгінде дайындық жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, вакцинаны сақтайтын арнайы контейнерлердің саны нақтыланып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов мәлімдеді.
«Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады. 65-ке дейінгі адамдарға салынады. Өйткені, вакцина сол жас аралықтағы адамдарға ғана әсер етеді. Айта кетейін, адамдармен жиі байланыста болғаннан кейін вакцинаны бірінші кезекте өзімде салдырамын», деді Сәбит Бексейітұлы.
Сонымен қатар, 3500 медицина қызметкерінің резерві құрылды. Бұған қоса, облыста 9 ПТР аппараты жұмыс жасап, тәулігіне 1200-1300-ден астам сынама алынуда. Қажеттілік туындағанда зерттеу санын 1900-ге дейін жеткізуге болады.