• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2013

Ел құшағы кең

313 рет
көрсетілді

Атажұртқа оралған қандастарымыз туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен, осыған дейін өткен төрт құрылтайға қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар. 1992 жылы 28 қыркүйекте Ал­ма­тыда басталған Дүниежүзі қазақ­тарының І құрылтайынан қалған естеліктер халық жадында мәңгіге сақталды. Қадірменді қандасымыздың ұшақтан түсе сала, әуелі атамекен то­пы­рағын егіле сүйген сәті немесе те­ледидар арқылы көз жасына қосы­ла үсті-үстіне лықсып төгілген: «Ал­лаға шүкір, бұл күнді де көретін күн бар екен ғой», деген тәрізді ыстық ле­біздер мына жақта жүрген байырғы қазақтардың өзін қанша елжіретті, қаншама толқытты.

 

Атажұртқа оралған қандастарымыз туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен, осыған дейін өткен төрт құрылтайға қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар. 1992 жылы 28 қыркүйекте Ал­ма­тыда басталған Дүниежүзі қазақ­тарының І құрылтайынан қалған естеліктер халық жадында мәңгіге сақталды. Қадірменді қандасымыздың ұшақтан түсе сала, әуелі атамекен то­пы­рағын егіле сүйген сәті немесе те­ледидар арқылы көз жасына қосы­ла үсті-үстіне лықсып төгілген: «Ал­лаға шүкір, бұл күнді де көретін күн бар екен ғой», деген тәрізді ыстық ле­біздер мына жақта жүрген байырғы қазақтардың өзін қанша елжіретті, қаншама толқытты.

Сол құрылтайда, әсіресе, Дүниежүзі қа­зақтары қауым­дастығының Төраға­­сы болып бірау­ыз­дан сайланған Нұрсұл­тан Назарбаев та ерекше толқып еді. Солай бола­тын реті бар еді ғой. Егемендік алға­нына бар-жоғы бір жыл ғана толып жатқан, тәуелсіздік туын енді ғана желбіреткен Қазақстан алдында қаншама экономикалық-әлеуметтік проблемалар тұрғанына қарамастан, ең әуелі барша әлемнің қазақтарын ата-баба жұртына шақырып еді. Алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде, Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Австрия және басқа 33 елден 800-ден астам өкіл қатысқан осы құрылтай өткен шамада атамекенге ең әуелі Моңғолия қазақтары лек-лек болып көшті. 1991-1992 жылдары Байөлке мен Қобда аймағына 1500-ден астам «КамАЗ» автокөлігі барып, көшіп келушілердің жүгін тиеді. Адамдар ұшақпен Өс­кеменге жеткізілді. Келіп жатқан қазақ­тар: «Іздеушілерің бар, бақытты ха­лық екенсіңдер», деп аралас-құралас болып кеткен моңғол ағайындардың өзі көз жастарын сығып қалғанын айта келді.

Қазақтардың Дүниежүзілік ІІІ құрылтайы Астанада 2005 жылы 27-28 қыркүйекте өткізілді. Осы жиында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тарихи Отанына оралған ағайын, ең алдымен, «Қазақстаным маған не бе­редi?» деп емес, «Мен Қазақстаныма не беремiн?» деп ойланғаны дұрыс бо­лар еді», деген тағылымды сөзін айт­қаны мәлім.

2011 жылғы ІV құрылтай 25 ма­мырда Астанада ашылды. Бұл басқосуда Елбасымыз мынадай төрт мін­детті ерекшелеп айтты. Бірінші міндет – Парламент қабырғасында қаралып жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасына айтылар ұсыныстар мен енгізілер өзгерістерді бірлесіп әзірлеу; екінші міндет – «Нұрлы көш» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруды қолға алу; үшінші міндет – шеттегі қандастарымызды жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету, қазақ тіліндегі бағдарламалардың санын арттыру, сапасын жақсарту; төртінші міндет – қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнердің таралуына кеңінен насихат жасау.

Еліміздің тарих парағына жаңа беттер қосқан құрылтайлардың қысқаша мазмұны осындай. Біз осы жиындардан қандай ой түйдік, жүзеге асырған істеріміздің басты ерекшеліктері қандай, енді қай шаруаларға білек сыбана кіріскен жөн?! Міне, енді осы тарапқа қатысты көптен бері көкейімізде жүрген кейбір ойларды таратып айтуды мақұл көрдік.

2004 жылға дейін көші-қон мә­се­лесі даңғыл жолмен келе жатқан се­кілді еді. Келген бойда оралмандар баспаналы болып, жәрдемақылары берілді. Бұл кезде Көші-қон агенттігі Үкіметке тікелей бағынатын. Ал сол 2004 жылдан бастап Агенттік қа­зіргі атауы бойынша Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау минис­трлігінің қарамағына өтті. Енді жер-су асып келген оралмандарға берілетін баспананың орнына әр келген адамға ең төменгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша берілетін болды. Рас, 2004 жылы көшіп келгендер бұл қаржыға үй сатып алып үлгеріп қалды. Ал 2005 жылдан бастап үйлердің ба­ғасы шарықтап өсіп кетті де, әлгі қар­жыға баспана алу мүмкін емес жағдайға жетті.

Қиыншылық осы тұстан басталды. Келген ағайындар түрлі себептермен нәрлі жерлерден алыс кеткісі келмей, қала іргесіндегі саяжайларға орналасқан-ды. Сол жерден үй салып алғанды мақұл көрді де, маңай көріксіз баспаналарға толып кетті. Шаһарлық сән-салтанаттың көркі бұзылды. Бас­тапқы жылдары жеке меншік газ фирмалары санаулы үйлерге газ құбырын тартып берді. Еңселі үйлерге үй кітабы беріліп, жеке құрылысқа рұқсат алғандар болды.

Бірақ, 2011 жылдан бастап шаһар ажарына нұқсан келтіретін әлгіндей тірліктерге байланысты, сәулет органдары тарапынан саяжайларда жеке үй тұрғызуға, газ құбырын тартуға тыйым салынды. Дегенмен, ахуал қазір де солай. Халық әуелі саяжайлардан үй тұрғызуға лайықтап жер сатып алып, үй тұрғызады. Ең соңында ғана үй салуға рұқсат сұрайды.

Баршамызға белгілі, бүгінде үй салуға рұқсат берілмейді. Мәселен, Ақтөбе қаласының айналасындағы саяжайларға 1 мыңнан астам оралман үй тұрғызып алыпты. Солардың көпшілігінің қолында рұқсаты жоқ. Рас, кезінде әлдеқалай рұқсат алып қалғандар да бар. Дегенмен, негізгі жұрт жөнсіз қазақшылыққа салынып, «Өй, рұқсат аламыз ғой, түбінде береді ғой», деген оймен құрылысты өркендетіп-ақ тастаған. Мәселе осыдан басталып отыр. Рұқсат болмаған соң тіркеуге тұра алмайды. Тіркеуде болмаған соң жұмысқа орналасу тағы мүмкін емес. Балаларға төленетін жәрде­мақының да жолы кесіліп тұр...

Үстіміздегі жылы қыркүйек айының 25-і күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Саламат Аманбаев, басқарманың бас сарапшысы Марат Тоқсанбаев бірінші іссапарларын Ақтөбеден бастады.

Облыс әкімшілігінде оралмандар шоғырланған аудан әкімдерінің орынбасарларымен, округ әкімдерімен, департамент басшыларымен кездесу өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова жүргізген мәжілісте оралмандар жағдайы, оларды қолдау және қоғамға бейімдеу, жұмыспен қамту, тұрмыстық ахуал туралы нақты мәсе­лелер айтылды. Сол жиында С.Нұр­қатова аудан әкімдеріне нақты іс-шаралар атқару жөнінде тапсырмалар жүктеген болатын. Мәжіліске қатысушылар Мұғалжар ауданына барып, кәсіпкер оралмандардың цехтарымен танысып қайтты. Оралмандармен кездесіп, пікір алысып, түрлі сауалдарына жауап берді. Көктауға барып, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді, мектеп пен медициналық пункттерді көріп, қандастарымыздың үйлеріне кіріп, тіршіліктерімен танысты.

Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы облыстық филиалының төрағасы ретінде мен де сол барлық кездесулердің басы-қасында болған едім. Ертеңіне Астанадан келгендер менің жұмыс орныма келіп, істеп жатқан шаруаларыммен танысты. Оған қоса мен «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігінің атқарған істерін де мәлімдеп бердім. Шынымды айтсам, Көші-қон комитеті төрағасының оралмандардың қоғамдық ұйымының жұмысына қызығушылық білдіруін жақсылыққа жорыдым. Себебі, облыстық көші-қон басқармасы төра­ға­ларының талайын көрдік. Ешқай­сысының да оралмандар қоғамдық бірлестігіне бүйрегі бұрмайтын. Ал Астанадан келген басшының қоғамдық ұйымдарға ден қоюы, бірлесіп жұмыс істеуге шақыруы көші-қон мәселесіне көзқарастың түзелгенін көрсететін сыңайлы.

Әрине, Жер шарындағы 5 миллионға жуық қазақты бір шаңырақтың астына жинау мүмкін емес. Десек те, Отанына келіп қызмет еткісі келетіндерді, ұр­пақтарын өз үйіріне қосуға талпын­ғандарды көшіріп алу, жағдай жасау – әрбір қазақтың қасиетті парызы. Сондай-ақ, шет жұртта туып-өскенімен, елінің қоғамдық істеріне белсене ара­ласып, ғылымын, мәдениетін, әдеби­е­тін еркін меңгеріп, қазақтың абыройын аспандатып жүрген қандастарға қолдау көрсету керек. Жалпы, қазақтың салт-дәстүрін, өнері мен тілін, әдет-ғұрпын жас буынның бойына сіңіруге мем­лекеттік қолдау жасап, шетелдер­ге барып осы бағыттағы іс-шара­лар­ды ұйымдастыруымыз қажет. Бұл мәселені Дүниежүзі қазақтары қау­ымдастығы мен Көші-қон коми­теті бірігіп атқарса, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізер едік.

Сондай шаралардың бірі Ақтөбеде биыл қыркүйек айының басында өткен ІІ халықаралық «Ұлы мұра» байқау-фестивалін айтпай кетуге болмас. Оған шеттегі қазақ диаспорасы өкілдері мен көптеген өнерпаздар қатысты. Ал фестивальға келген делегация басшылары – шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өткен «Қазақ диаспорасы: мәселелері мен болашағы» атты дөңгелек үстелде басқосты. Біз сонда көптеген көкейкесті мәселелерді, оның ішінде, осы мақалада айтылған жайларды да ортаға салдық.

Қазіргі таңда елімізге 2011 жы­лы келіп, бірақ квота ала алмай кейін кетіп қалған оралмандардың мәсе­лесі көкейден кетпеуі тиіс. Біздің министрлік депутаттарға заң жобасы ұсынылғанын мәлімдеді. Бұйырса, алдағы уақыттарда қаралатын Көші-қон туралы заң қателіктерге бой алдырмаса екен дейміз. Бұл ретте, барлық облыстардағы қоғамдық ұйымдардың пікірлері ескеріліп, оралмандарға оңтайлы ережелер қабылданады деген үмітіміз бар.

Базарбай ИМАН,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ақтөбе

облыстық филиалының жетекшісі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ақтөбе.

Соңғы жаңалықтар