• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2013

Зерделі зерттеулер

383 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жарыққа шығарған «Классикалық зерттеулер» сериясының 12-23 томдарының және «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Абай» мен «Жамбыл» кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Институт былтыр «Классикалық зерттеулер» сериясының 11 томын қалың жұртшылыққа таныстырған болатын.

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жарыққа шығарған «Классикалық зерттеулер» сериясының 12-23 томдарының және «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Абай» мен «Жамбыл» кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Институт былтыр «Классикалық зерттеулер» сериясының 11 томын қалың жұртшылыққа таныстырған болатын.

М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының дирек­торы Уәлихан Қалижан: «Клас­сикалық зерттеулер» сериясының негізгі мақсаты қазақ фольклортану, әдебиеттану және өнертану салалары бойынша отандық ға­лымдардың бұрын басылған, бірақ қазір қолжетімсіз таңдаулы еңбектерін жарыққа шығарып, насихаттау» – дей келіп, шығарылып отырған 12 том мен «Абай» және «Жамбыл» кітаптарының мән-мазмұнына қысқаша тоқталып өтті.

Бұл еңбектердің алғашқы томы Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин еңбектеріне арналса, 13-томға 1900 жылы Қазанда жарық көрген А.Е.Алекторовтың «Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о киргизах» атты библиографиялық көрсеткіші енгізіліпті. Көрсеткіште қазақтар туралы XVIII-XIX ғасырларда жарық көрген мақалалар, очерк­тер, пікірлердің нақты қашан, қайда шыққаны көрсетіліп, жер-су атаулары, кісі есімдері келтіріліп, оларға қысқаша түсініктеме берілген. Алекторовтың бұл еңбегі толық күйінде Қазақстанда бірінші рет басылып отыр екен.

«Ранние предпосылки казахского музыкознания» атты 14-томға орыс және шетел ғалымдарының, фольклортанушыларының, этно­графтарының, журналистерінің және жиһангездерінің өткен ғасырларда қазақтың дәстүрлі музыкасы туралы баяндалған алғашқы жазбалары, мақалалары, очерктері және еңбектері енгізілсе, келесі жинақ «Әдебиет теориясы» деп аталып, бұған көрнекті ғалымдар Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теория­сы», З.Қабдоловтың «Ахаңның әдеби қисындары», «Феномен», «Сөз өнері» және З.Ахметовтің «Өлең сөздің теориясы» атты ғылыми-теориялық зерттеулері енгізіліпті.

«Фольклор және әдебиет туралы зерттеулер» атты келесі кітапқа көрнекті фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы Әуелбек Қоңыратбаев пен академик Рахманқұл Бердібайдың әр жылдары шыққан фольклор және әдебиет туралы іргелі монографиялық еңбектерінің таңдамалы бөліктері енгізілсе, «Көне түркі әдебиеті туралы зерттеулер» атты келесі томда қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірін зерттеген Қ.Өмірәлиев, Н.Ке­лімбетов, А.Егеубаев сынды ғалымдардың зерттеу еңбектері топтастырылыпты. Зерттеушілердің түркі әдебиетіне қатысты ХХ ға­сыр­дың 80-90-жылдарда жазылған ғылыми жұмыстарында ежелгі әдеби мұралардың генезисі, даму, тара­лу аймақтары, сюжеттік-типо­ло­гиялық және көркемдік ерек­шеліктері жеткілікті сараланған.

М.О.Әуезов туралы зерттеулер­ден тұратын «Художественное мас­терство М.О.Ауэзова» атты 18-томға З.Ахметов пен Е.Ли­зу­нова сынды көрнекті әуезовтанушы ғалымдардың еңбектері еніп, «Ев­разийство и диалог литератур» деп аталатын келесі жинақта Ш.Қ.Сәтбаеваның «Қазақ әде­биеті және Шығыс» деген моно­гра­фиясында шығыстық сюжет­тер­дің қазақ ауыз әдебиеті мен Абай поэмаларында кезде­се­тіні қарастырылып, қазақ автор­ла­рының шетелдік Шығыс туралы прозалық шығармалары зерттелген. «Әдебиет – дәуір айнасы» атты 20-томда көрнекті ғалымдар, филология ғылымдарының докторлары М.Базарбаев пен Т.Кәкішевтің зерттеулері орын алса, «Тәуелсіздік және әдебиет» атты келесі томда академик Серік Қирабаевтың тәуелсіздік тұсында жазылған таң­даулы зерттеулері топтастырылыпты.

«Избранное. Искусствознание Казахстана» атты 22-том Ш.Уә­лиханов, М.Ғабитова, Р.Көпбо­сы­нова, Х.Арғынбаев, Б.Байжігітов және Л.Оразбекова сынды өнер­танушы ғалымдардың еңбек­тері негізінде дайындалып, онда өнертану ғылымының өсу үрдісі, оның сан қырлылығы жан-жақты қарастырылса, «Қазақ театртану ғылымның дамуы» атты соңғы 23-томда ХХ ғасырдың екін­ші жар­­тысындағы қазақ театр­тану ғы­­лы­мының тарихы мен теория­лық мәселелерін зерттеген ғалым­дардың ғылыми еңбектері таңда­лып алыныпты.

Сондай-ақ, М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Абай» және «Жамбыл» атты кітаптарын оқырманға тарту етіпті. Бұларда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен жыр алыбы Жамбылдың шығармашылығымен қатар ақындық айналасы мен өмір өткелдері жан-жақты қарас­тырылыпты. «Абай» кітабы – белгілі абайтанушы ғалымдардың ғылыми еңбектері негізінде дайын­далса, «Жамбыл» атты ғылыми-танымдық кітаптың авторы – филология ғылымдарының докторы, ҰҒА мүше-корреспонденті – Уәлихан Қалижан.

Басқосуда белгілі ғалымдар мен жазушылар Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасов, Мырзатай Жол­дасбеков, Сұлтан Оразалин, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Сауытбек Абдрахманов, Тұрсын Жұрт­бай, Шәкір Ыбыраев, Әлі­бек Асқар мен композитор Бал­нұр Қыдырбекқызы тұсауы кесі­ліп отырған томдар мен кітап­тардың баға жетпес асыл мұралар екеніне тоқталып, игілікті іс-шараны жүзеге асырған мекемелерге ризашылықтарын біл­дірді. Пікірлесу барысында осы бір аса құнды дүниелердің тара­лы­мының тым аз екендігі тілге тиек етіліп, оның қалың оқырман түгілі еліміздегі маңдайалды кітапханаларға да жетпейтіндігі, мұның еліміздегі жоғары оқу орындарына аса қажет дүние екендігі, сондықтан бұл басылымдарды жүйелі түрде компьютерге енгізу керектігі айтылды. «Егемен Қазақстан» республикалық газе­ті» АҚ президенті, филоло­гия ғылымдарының докторы С.Абдрахманов: «Бабалар сөзі­нің» 100 томдығының соңғы кітаптарының баспаға тапсырылуын әлем фольклористикасы үшін аса елеулі, ерен істің түйінделуі деп санаймын. Осы жобаны бастап, жеріне жеткізуші академик Сейіт Қасқабасовтың сөзіне байланыс­ты мынандай жай еске түсіп отыр. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын жаңа қолға алып жатқан шақта Ақпарат министрі ретінде АҚШ-тың сол кездегі елшісі Элизавет Джонс ханыммен кездесуім кезінде министрлік жұмысын әңгімелей келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 100 томдық қазақ фольклоры шығарылатынын айтқан едім. Сөзімді елшілік қызметкері аударып болысымен министрліктің адамы: «Дұрыс аударған жоқ», деп қалды. Сөйтті де, өзі бір тұсын қайта аударып берді. Сөйтсек, елшілік қызметкері менің «жүз томдық» дегенімді министр жаңылыс кеткен болар деп ойлап, өзінше «түзетіп» «он томдық» деп аударған екен... Сонда Батыс адамының ұғымында бізде жүз томдық фольклор болуы мүмкін, оның бәрінің басы қосылып, сондай көлемде шығарылуы мүмкін деген ойдың өзі болмай тұрғаны ғой. Қадіріне жете білсек, «Бабалар сөзінің» 100 томдығының шығуы – әлемдік мәні бар оқиға, біздің ұлт ретінде мақтаныш етер жайымыз. Біз ол оқиғаға осы бастан тыңғылықты дайындалуымыз керек. Майндағы Франкфурт қаласында әлемдік кітап жәрмеңкесінде кеңінен жария ету, ағылшын, француз, неміс, испан, араб, орыс сияқты әлемдік тілдердегі басылымдарға ғылыми мақалалар дайындау қажет. Дүние дидарында фольклоры жүз томды құрайтын басқа ұлт бар болса бар да шығар, бірақ фольклорын жүз томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ», деді.

Берік САДЫР,

«Егемен Қазақстан».

____________________

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар