• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 24 Желтоқсан, 2020

Бозжыра – Маңғыстаудың туристік «Меккесі»

7636 рет
көрсетілді

Жуырда Egemen Qazaqstan га­зетінде Маңғыстаудың турис­тік мекендері туралы «Tour de Маң­ғыстау» («Egemen Qazaqstan», 3 желтоқсан) тақырыбымен кө­лемді материал жариялаған болатынбыз. Сол мақаланың жал­ғасы ретінде бүгін тұмса таби­ғат пен таңғажайып іздеген жан­ның қызығушылығын оятпай қой­майтын Бозжыра шатқалы туралы көргеніміз бен білгенімізді айт­сақ дейміз. Әрі бұл жер маң­ғаз Маңғыстаудағы ең көрікті ме­кен­дердің бірі ғана емес, Жер ша­рындағы теңдесі жоқ табиғи мекен саналады.

Жалпы, әр аймақтың немесе елдің өзіне тән табиғи ерекшелігі болады. Мы­салы, Солтүстікте – Бурабай, Шығыста – Катон­қарағай, Оңтүстікте – Отырар, Түркістан сияқ­ты жерлер. Ал Батыстың бетке ұстары – Бозжыра шатқалы. Тіпті Бозжыраны Маңғыстаудың туристік «Меккесі» деп те атайды. Қарт Каспийдің жағасында ор­наласқан Ақтауға табаны тиген кез кел­ген қонақ пен турист Бозжыраға атбасын бұрмай кете алмайды. Әрі бұл мекен об­лыстың символына айналған. Бірер жыл бұрын Бозжыра «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фия­сы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енген.

Бозжыраға бару үшін алдымен Ақ­тауға ұшақ немесе пойыз арқылы жете­сіз де, Ақтаудан әрі қарай тағы 300 шақы­рымнан аса жол жүресіз. Бұрындары жол­дың жарты бөлігі құмды, жарты бөлігі тас­ты болған деседі. Кейінірек Ақтауды Аты­раумен жалғайтын жолға асфальт тө­сел­ген соң ша­мамен Бозжыраға апара­тын жолдың 90 пайызы айнадай теп-тегіс болған. Тас жол аяқталған соң әрі қарай ойқыш-ойқыш  құм жолды басып өтуге тура келеді. Көп туриске Бозжыраға жету біраз қиындық тудырады. Әрине, 300 ша­қырым жол жүру кез келген адам­ға оңай соқ­пайды. Бірақ Бозжыраның сұлу­лығын көргенде шаршап жеткеніңізді дем­де ұмы­тып кетесіз. Сондықтан жол қиын­дығына қа­рамастан, Бозжыраға келу­шілердің саны жыл сайын артпаса, ке­міген емес дейді маң­ғыстаулық туристік ком­паниялардың өкілдері. Мəдениет жəне спорт вице-ми­нистрі Өркен Бисақаевтың ай­туынша, Боз­жыра шатқалына келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда биыл 10 есе артып, 2 мыңнан астам адам­ға жеткен. Ал ке­лесі жылы бұл көрсеткіш тағы есе­леніп, ке­мі 10 мыңнан аса турист ке­леді деген бол­жам бар.

Бозжыраның сұлулығын ға­лам­тор ар­қы­лы көрген шетелдік­тер осынау та­би­ғат тамашасын жа­қыннан бір көру үшін мыңдаған ша­қырым жерді артқа тас­тап, арнайы келіп жатады. Біз турис­тік мау­сымның соңында бар­ған­дықтан бірде-бір ту­ристі кез­дес­тіре алмадық.

Бозжыра шатқалының азу тістері 15-20 ша­қырым қашықтан менмұндалап тұрады. Осы жерде Бозжыра шатқалы және Боз­жыра етегі деп екіге бөлінеді. Бізге тек 300 метр биіктіктен керемет табиғат көрі­нісін көзбен көру бақыты бұйырды. Егер жол талғамайтын көлікпен барсаңыз, төменге түсіп, тылсым табиғаттың сырына шатқалдың етегінен де қаныға аласыз. Шатқалдың жанына жеткенде көз ал­дыңызда әсем пейзаждың жаратылысы ғасыр­лар  бойы ішіне бүгіп жатқан өз құпиясын аша түскендей болады.

Бозжыра атауының өзі-ақ бұл таби­ғи тыл­сымның қандай түс­те екенін ай­қындап тұр. Яғни айна­ланың бәрін біреу әдейілеп ақбоз түске бояп тас­та­ғандай күй кешесіз. Бұл жердің күн­дізгі көрінісінің сұлулығы бір бөлек те, түнгі көрінісі тіпті ерекше екен. Жол нұсқаушының айтуынша, ас­пан денелерінің және жұлдыздардың ең әде­мі көрінісін дәл осы Бозжыра мен Тұз­­байыр­дан көруге болады. Бозжырада тү­неп, жұл­дыздарды жақыннан көру ба­қыты бұйыр­маса да, осыдан бір жыл бұрын фин фото­графы Юусо Хя­мяляйннің әлеу­меттік желі­дегі парақ­шасынан көзіміз шалып қалған-ды. Түн жамылған Бозжыра шат­қалы­нан түсірген суретін «Сахарадағы түн» деп атаған ол, сол сапарынан мы­на­дай ой түй­ген: «Бұл таулы аймақ Қа­зақ­станның баты­сында орналасқан Боз­жыра шатқалы деп ата­лады. Біз суретке түсіруге ыңғайлы жерге тоқ­тап, күн ұя­сына батқанда бүкіл Құс жо­лын көру мүм­кіндігіне ие болдық. Құс жолы­ның екі жағында орналасқан екі шоқ жұл­дыз – Сатурн мен Юпитерді жақыннан көремін деу үш ұйықтасам да тү­сіме кірмеген еді. Ай көкжиектен төмен болды, сол себепті жа­рық жеткілікті түсті. Бұл мың суреттің іші­нен бір суреттің сәтті шығатын кезі».

Ал Тұзбайырдың ерекшелігі – күннің таң­мен таласа шығатын кезі екен. «Мұн­да келетін турис­тердің басым бөлігі су­дың жаға­сына барып, күннің шығуын та­ғат­сыздана күтеді. Көкжиектен қы­зара шығып келе жатқан күннің сәулесі судың бетіне түскен сәт жан баласын тебірентпей қой­майды. Мұндай көріністің куәгері бол­ған шетелдік туристер біразға дейін әсе­рінен айыға алмай, таң-тамаша күйде жү­реді. Ал түнде ай мен жұлдыздардың өзі суда тұрған тәрізді жарық әрі айқын көрі­неді. Шетелдіктер сол сәтті суретке түсі­ріп алуға асығады», дейді ақпараттық турда бізге жол­нұсқаушы болған Людмила.

Бозжыраның әйгілі Азу деп аталатын өт­кір ұшты жартастар жұбынан бөлек, бұл маңайдан Батыр тауы мен басқа мұ­нара тау­лар, бекініс таулар, киіз үй пі­шініндегі тауларды да көре аласыз. Бір сәт қиялыңызға ерік берсеңіз, шатқалдан түр­лі пішіндегі тауларды да көруіңізге бо­лады. Шатқалдың басында тұрып, бұл жер шытырман оқиғалы фильм үшін тап­тырмас түсірілім алаңы бола алатынына көз жеткіздік. Кейбір шоу-бизнес өкілдері осы Бозжыраға келіп, бейнебаян да түсіріп жатады  екен. Айтпақшы, марқұм Батырхан Шүкеновтің «Сағым дүние» атты әнінің бейнебаяны да дәл осы Бозжыра шатқалы мен Алматы об­лысындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлт­тық табиғи пар­кінде түсірілгенін көп адам біле бермейтін шығар.

Жалпы, Бозжыра шатқалы туралы айт­қанда, оның пайда болу тарихынан аттап өте алмаймыз. Жер бедерін зерт­тейтін ғалымдардың пайымдауынша, Боз­жыра бірнеше миллион жыл бұрын тау түзі­лімдерінің бұзылуынан пайда болған де­седі. Мамандар таудың түзілуінің үш түрін бө­ліп атайды: химиялық, биологиялық және органикалық. Бозжыра шатқалы осы үш түзілудің қосындысынан пайда болған. Ал Людмиланың айтуын­ша, Бозжыра 5 миллион жыл бұрын ежел­гі Тетис мұхитының табанындағы әк­тас шөгінділерінің көтерілуінен, мұ­хиттың тартылуынан пайда болған. «Кейін жер бетінде климаттың өзгеруі, ыл­ғалды мұхит ауасының құрғақ желмен ауысуы бұл даланы аңызақ шөлге ай­налдырып, мұхит орнындағы әктас шөгінділер табиғи апаттардың әсерінен бір­тіндеп қирай бастаған. Содан бұл жерде ғажайып рельефті тау жынысы пайда болды. Тарихтан ежелгі Тетис мұхитының Еуразия мен Ресей аумақтарын алып жат­қаны белгілі, ол екі континент – Гондван мен Лавразияны қақ бөліп тұрған», дейді ол. Тіпті бұл жерден Тетис мұхитының сар­қыншақтары саналған қаңылтыр ұлу қабық­тарын, акуланың тістерін әлі күнге дейін кездестіруге болады. Жол­нұс­қаушымыз бізге соның дәлелі ре­тінде өзі кездестірген акуланың тісін де көр­сетті.

 

«Біздің найзағай адам өлтірмейді»

Людмиланың айтуынша, Бозжыраға отандық саяхатшы­ларға қа­рағанда, ше­телдік туристер көптеп келеді екен. Әсі­ресе жапониялық және италиялық мей­мандардың нөпірі қа­лың. Тіпті күншығыс елінің өкілдері ту­ристік маусым кезінде лек-легімен ағы­латынын ай­тады. Оларға Үстірттің ой­дым-ойдым жол­да­ры мен жазық, кең далада орналасқан шатқал­дары қатты ұнайды. «Тағы қайда барамыз? Қай жерді көр­се­тесіздер? Келесі аялда­ма қандай?» деп әр жаңа орынды көруге асы­ғып, құмартып тұ­рады.

Әрине, мұндай сұлулықты, кең даланы көрген жапондардың таңданбасқа еш лажы жоқ. Әсіресе олар ешқандай ғимарат соғыл­маған, бос жатқан, алғашқы әсемдігі жойылмаған жерлерге құмар болады.

Жолнұсқаушыдан шетелдік туристермен болған ең қызықты оқиғасын сұрап, айтып беруін өтінгенде рақаттанып күліп алды да, бізге жапондармен болған мына бір оқиғаны баяндап берді.

«Қателеспесем, осыдан үш-төрт жыл бұ­рын осындай турлардың бірінде жапон­дармен Бозжыра шатқалының етегінде түнедік. Түнгі сағат екінің шамасы болуы керек, дем арасында күн күркіреп, най­зағай ойнап, нөсер жаңбыр жауды. Най­зағай ойнағандағы жапондардың түрін көр­сеңіз, үрейленіп кеткен. Құдды бір жанал­ғыш адам қылышын сүйретіп, үйіне келіп тұрғандай әсерде қаласыз. Сөйтсек, олар найзағайдан қатты қорқады екен. Бар­лығы шатырдан атып шығып, «кетейік те, кетейік» деп байбалам салып жатыр. Ара­сында біреуі «Егер бұл жерден тезірек қашпасақ, бәрімізге жай түсіп тырайып жата­мыз» дейді. Бұдан әрі шыдап тұра алмадым да, шатырдан шыға сап, айқай салдым. «Неге сонша даурығып жатырсыздар? Қазір түннің біруағы әрі жаңбырдан кейін айналаның бәрі лай, бәрібір ешқайда кете алмаймыз. Одан да шатырларыңызға кіріп, демалыңыздар. Біз жақтың жаңбыры тез басылады, керек десеңіздер найзағайы да адам өлтірмейді», деп жапондарды сабасына түсірдім. Олар «рас па?» деп таң­ғалды. «Иә» деп сендірдім. Расында, жаңбыр тез тоқтады. Сонымен бәрі ша­тыр­­ларына кіріп ұйықтап, таң ата жолға шық­тық. Таңертең күн шыққанын көріп, көңілдері сол кезде тыншыды», дейді Люд­мила.

 

Үстірттің ерекше бейнесі

Жоғарыда Бозжыраның ма­ңайын­да қиялыңызға ерік берсеңіз, түрлі бейнені көруге болатынын айттық. Солардың қатарында садақ жебесіне де, жолға бағдар берушінің де бейнесіне ұқсас туындыны ерек­ше атап өтуге болады. Ғалымдар сол бейнені кім салғанын, оның қалай пайда болғанын анықтағысы келіп, 1980 жылдары Үстіртке зерттеуші ғалымдардан құралған түрлі экспедициялар ұйымдастырылған.

Сөйтіп, ғалымдар бұл бейне­лердің қан­дай мақсатта жасалғаны туралы екі нұс­қа ұсынды. Біріншісі, сол заманда өмір сүр­­ген адамдарға жаңбыр суын жинау үшін қажет болуы мүмкін деген болжам. Бей­ненің жан-жағы таспен қоршалған. Биік­тігі шамамен 80 см-ге дейін жетеді. Аймақта жаңбыр өте сирек жауатын бол­ғандықтан, жаңбыр суы бағдардың бойымен төмен қа­рай ағып, құдыққа жиналып отыр­­ған.

Ал екінші нұсқа бойынша сол жерді мекен етушілердің аң аулау үшін құрған арнайы тұзағы болған деседі. Адамдар жабайы жануарларды сол жерге айдап әкелетін болған. Ересектер әрі ептілері тас­тардан секіріп кете алғанымен, жастары ол жерден өте алмай, адам­дардың жемтігіне айналған. Байырғы мекен етушілер осылай аңшылықпен айналысқан.

Қазір бұл құдықтар кішірейіп, ішіне құм толып кеткен. Ал сол заманда оны қазу үшін қаншама уақыт пен еңбек кеткенін бағамдай беріңіз. Бұл мекен туралы ғалымдардың зерттеуін 1980 жылдардағы журналдардан көптеп кездестіруге болады. Кейбір деректерде тарихшылар мен зерттеушілер бұл жерлерден көш жолын таппағанын айтады. Шөлді аймақтың өмір сүруге қо­лай­сыз­дығына байланысты, Бозжыра аума­ғы­на ешқашан ел қонбаған деген де болжам бар.

 

Бозжыраға қонақүй салуға бола ма?

Маңғыстау өңіріне жасаған сапарымыз «Бозжыраға қонақүй салынады екен» деген ақпарат қоғам арасында және әлеу­меттік желіде кең талқыланып жатқан уақыт­қа дәл түскен болатын. Бұл туралы жер­­гілікті тұрғындар не ойлайды екен деп кей­­біреулерімен тілдесіп көргенімізде, біз­ге кездескендері Боз­жыра­ның етегіне қонақ­­үйдің салын­ғанына қарсы емес екен­­діктерін айтты. Оларға, ең бастысы, шет­тен турис­тер келгені мен жолдың жөн­делгені керек екен.

Ал бізге жолнұсқаушы болған Люд­миладан сұрағанымызда, ол бірден қарсы екенін айтты. «Мен қарсымын. Егер қо­нақ­үй салынса, табиғаттың әсем көрінісі бұ­зылады. Ал Шақпақ ата, Бекет ата сын­ды биікте орналасқан киелі жерлерге сал­са, қарсы емеспін. Бірақ мынадай та­биғат­тың өзі сыйлаған әсем көріністі бүл­­дірудің қажеті қанша? Туристер табиғат­тың бүлін­беген қалпын жақсы көріп, тама­ша­лағысы келеді», дейді.

Халықтың наразылығынан кейін мәселеге араласқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты өкілдерге Бозжыра шат­қа­лында қонақүй салу жобасын қайта қа­рау туралы тапсырма берген-ді. Сөйтіп, кү­ні кеше тұрғындар мен ғалымдардың, қоғам өкілдерінің ұсынысымен қонақүй орны Бозжыраға емес, Жабайұшқан қау­­мал­ының сыртына салынатын болып келі­сілді.

 

Маңғыстауға қай уақытта барған дұрыс?

Егер Маңғыстауға баруды, Бозжыра­ны көруді жоспарласаңыз, жергілікті турис­тік компаниялар бұл аймаққа сәуір-мамыр және қыркүйек-қазан айларында баруға кеңес береді. Қыс мез­гілінде бұл өл­кеде қар сирек жау­ғанымен, желі адам шы­датпайды. Жазы да дәл солай. Жаз мез­­гілінде ауа температурасы көтеріліп, ерек­ше ыстық болады. Күн­дізгі жан шыдатпас ыстық, кеш түсе бірден салқын ауамен ауысады. Сондықтан мұнда дема­луға келушілер кешкілік суыққа ұрынып қалмас үшін қалың киім алып келгені абзал.