Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіровтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда аталған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың аймақта жүзеге асырылуы, басқа да өзекті мәселелері туралы кеңінен әңгімеленді.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіровтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда аталған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың аймақта жүзеге асырылуы, басқа да өзекті мәселелері туралы кеңінен әңгімеленді.
Әуелі айтылған брифинг аясында Солтүстік Қазақстан облысында іске асырылып жатқан жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылды. Көрмеден көрген, көңілге түйген пікірге жүгінер болсақ, биылғы жылы ел қамбасына 5 млн. 200 мың тонна алтын дән құйған аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі өте жақсы. Брифингте өңірдің тыныс-тіршілігі мен орын алған проблемаларға байланысты, сондай-ақ, қол жеткізілген жемісті істер туралы облыс әкімі баяндама жасады. Ол ақ қайыңдар өңірінің жұртшылығы алтын сабақты астығымен мақтанатынын да жасырмады.
– Құрметті брифингке қатысушылар, мен осы маңызды шараға дайындалу барысында журналистерді қандай сұрақтар қызықтырады деген ойға терең зер салдым. Сөйтіп, тілшілерді халықтың әлеуметтік жағдайы мен туындаған бірқатар мәселелері толғандыруы ықтимал деген тоқтамға келдім. Десем де, әуелі Қызылжар өңірінің жан-жақты өрлеу нәтижелеріне қарап, ондағы әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары деңгейін, сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын көруге болатынын айтқым келеді. Ал енді облыстағы проблемаларға тоқталсам, бүгінгі күнде екі мәселе өзекті болып тұр. Олар – ауыл мен ауданаралық жолдарға және қадірі артып қат дүниеге айналған ауыз суға қатысты мәселелер. Бүгінде бұл мәселелерді толығымен кешенді түрде шешу жолдары қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, – деді облыс әкімі.
Тілшілер тарапынан облыс әкіміне көптеген сұрақтар қойылды. Өз кезегінде біз, өңірдегі теміржол желілерінің негізгі бөлігі, оның ішінде Петропавл қаласындағы болат жол мен нысандарының бәрі «Ресей темір жолдары» АҚ-қа қарайтындығын, бұл жағдай өңірдегі шаруашылықтар мен кәсіпорындарға қандай қолайсыздықтар тудырып жатқаны жөнінде сұрақ қойдық. Себебі, қазіргі күнде Ресей мен Қазақстан темір жолдарының тарифі екі түрлі. Яғни, Ресей темір жолының қызметі айтарлықтай қымбат. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан аумағындағы Ресейге қарасты темір жолдарды өз еліміздің иелігіне қашан өткеру жоспары бар екенін де сұрадық.
Облыс әкімінің айтуына қарағанда, дәл осы уақытта ол темір жолдардың Ресейге қарасты болуы солтүстікқазақстандық егіншілерге керісінше тиімді көрінеді. Себебі, қазақстандық астық вагондары түйіспе бекеттерінен өткенде 8-9 АҚШ долларына дейін қымбаттайтын көрінеді. Егер осы мәселе реттелсе, шетелдерге экспортталатын дәнді-дақылдарды Ресей аумағы арқылы Қара теңіз порттарына шығару өте тиімді әрі пайдалы бола түсер еді. «Ресей иелігіндегі теміржол желілерінің бойында облыстың 1 млн. тоннаға жуық астығы орылып, болат жолдармен тасымалданады. Ал енді келер жылдан бастап Кеден одағы елдеріндегі теміржол тарифтері теңестірілгенде, облыстың тасымал шаруашылығы бүгінгіден де оңтайланады», деді С.Ескендіров.
Ал облыс аумағындағы темір жолдарды Қазақстанға қайтару туралы сұрағымызға, «оларды қайтарудың қажеті жоқ деп ойлаймын» деп жауап берді әкім. Мұнымен қатар, өңірдегі автожолдардың жай-күйі жөнінде де сұрақ болды. «2014-2015 жылдары СҚО-дағы барлық автокөлік жолдары толық жөнделеді», деп бастады сөзін облыс басшысы. «Бүгінгі күні жол жөндеу әдісінің үш түрі бар. Атап айтқанда, реконструкциялық, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары. Біз оның ішінде орташа жөндеу түрін жиі қолданамыз. Бұл жоба бойынша облыстағы 200 шақырым жол жөндеуден өтті. Ал, республикалық маңызы бар Петропавл–Астана бағытындағы магистральдің 132 шақырымы жөнделді», деді С.Ескендіров.
Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгертуге байланысты сұрақ та журналистер назарынан шет қалмады. Әкімнің айтқанына сенсек, бүкіл қазақ елін толғандырып жүрген мәселе, Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық мәселе ретінде мүлде көтерілмепті. «Ономастикалық заңдарға қатаң өзгерістер енгізілді. Өздеріңіз білесіздер, қаланың атауын өзгерту үшін халықтың келісімі керек. Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту туралы мәселе көтерілген емес. Сондықтан өзгертуге ешқандай негіз жоқ», деді С.Ескендіров. Ал облыс әкімі ретінде өзінің жеке пікірін білдіруге құқылы емес екенін алға тартты.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл тұрғын үй құрылысы көлемі 48 пайызға артты. Тек соңғы 10 жылда құрылыс қызметінің көлемі 24 млрд. теңгені құрады. Осы жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 113 мың ш.м. немесе 1252 пәтер қолданысқа берілді. Бүгінде 600 отбасы баспаналы болды. Біз бұл қарқынды келешекте де сақтауға тырысамыз. Бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай 18 мың отбасы баспаналы болмақ», деді баспана туралы қойылған сұраққа жауап берген С.Ескендіров.
«Бүгінде облыстың 4 ауданында жаңа емхана құрылыстары жүргізілуде. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында халықтың саламатты өмір салтын ұстануға деген ынта-ықыласы артқан. Аймақтағы туу көрсеткіші 2,9 есе артып, нәрестелер өлімі 23 пайызға азайды. Туберкулезбен ауру көрсеткіші 18,6 пайызға төмендеді. Ана өлімі тәрізді қайғылы оқиғалар орын алған жоқ. Сонымен қатар, балалар арасындағы кардиохирургиялық аурулардың алдын алуға көп мән беріліп отыр», деді облыс халқының денсаулығына байланысты өңір басшысы.
Облыс басшысы журналистердің барлық сұрақтарына толық жауап беріп, өңірдің өркенді істері жалғасын таба беретінін айтты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».