Биыл республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің 30 сәуір күнгі №83 санында «Ер Мәліктің есімі институтқа берілсе, елдіктің белгісі болар еді» деген мақала жарияланған болатын.
Онда Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин есімі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтына берілсе, ежелден ерлікті мұрат тұтатын Алаш баласы үшін ақ түйенің қарны жарылар еді деген базына айтылған болатын. Шын мәнінде бұл мәселе соңғы үш жылдан бері сағыздай созылып келген еді.
Мақала газет бетінде жарық көргеннен кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа депутаттық сауал жолдап, мәселенің орынды көтеріліп отырғандығын айтып, қолдаған болатын. Таяуда Көкшеге сүйінші хабар жетті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастикалық комиссиясының биылғы 4 желтоқсандағы шешімінің қорытындысы туралы ақпарат техникалық институтқа жолданыпты. Онда «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты» республикалық мемлекеттік мекемесіне Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілсін делінген.
Қуанышты хабарды естіген көкшетаулықтар бір желпініп қалды. Батыр есімі кейінгі ұрпақты ерлікке баулып, елдікке ұйытып, білімге бағыттап, өміршең өнеге болатын болды.
– Институтқа халқымыздың аяулы перзенті Кеңес Одағының Батыры, запастағы гвардия полковнигі, КСРО Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілуі ең алдымен елдіктің белгісі болды, – дейді институт басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Сырым Шәріпханов. – Гуманизм мен азаматтықтың әдемі үлгісіндей болған қазақ халқының көрнекті ұлы үш мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, педагогтердің тәлімгері атанған мемлекеттік қайраткер. Біздің институт түлектері Батыр атындағы оқу орнының абыройын асқақтатпақ. Осы мәселе көптен бері шешімін таппай келе жатыр еді. Қиын түйіннің шешілуіне атсалысқан ел газеті – «Егеменге» мың да бір рахмет!
Сөз қадірі бөз қадірінен арзандап кеткен заманда аға газеттің айтқан уәжі ескеріліп, халықтың көкейінде жүрген соқталы мәселенің оңынан шешілгені қандай жақсы!
Ақмола облысы