Елімізде марал шаруашылығының іргесі кеңейіп келеді. Ал бұғы баққан шаруалардың дені Шығыс Қазақстан облысында болса, енді бұл тізімге Жетісу да қосылды. Жақында Ақсу ауданының Суықсай ауылында марал фермасы ашылды.
Тегінде, марал өсіру медициналық туризмді дамытуға жол ашады. Қазір бұл кәсіпті тұрақты табыс көзіне айналдырған шығысқазақстандық марал өсірушілердің ауылына шетелден арнайы келетін адамдар қатары көбейіпті. Әсіресе, марал мүйізін кесетін маусымда дертіне дауа іздеген турист легі үзілмейді. Өйткені, марал мүйізінен аққан қанның құрамында 25 түрлі микроэлемент бар көрінеді, оның адам ағзасына тигізетін оң әсері өте жоғары екені медицинада дәлелденген. Мүйіздің буына түсіп, сорпалану кісі бойындағы сүйек, буын ауруларының мың да бір шипасы екен. Демек, марал шаруашылығын дамытуға деген сұраныстың артатын жөні бар. Мұның көрінісін шығыс аймақтағы аудандардың тіршілігінен байқауға болар. Қазір Шығыс Қазақстанда 16 марал шаруашылығы жұмыс істейді. Ал бағымдағы бұғы мен маралдың саны 9 мыңнан асады. Мұндай шаруашылықтар негізінен Катонқарағай ауданында орналасқан. Сонымен бірге Алтай, Зайсан, Көкпекті, Күршім, Ұлан аудандары марал шаруашылығын дамытуға бел буыпты. Яғни біз мұны бұғы мен марал бағудың болашағы зор кәсіп екенін әйгілеу үшін айтып отырмыз. Әрі шығыстағы шаруалардың ісі өзге өңірлерге үлгі болып отырғанын да атап өтуіміз керек.
Міне, осы мақсат жетісулық кәсіпкерлердің де марал шаруашылығын ашуға түрткі болды. Мысалы, енді «Аршалы тур» серіктестігінің аумағында марал табыны өріп жүретін болады. Жақында Ақсу ауданына қарасты Суықсай ауылына Шығыс Қазақстан облысынан 23 бас марал жеткізілді. Бұрын-соңды Жетісу топырағына аяқ баспаған жануарлар қазір бейімделуден өтіп, жайылымға шығарылған.
– Бұғы бағу қазаққа таңсық кәсіп болмаса да, бұрын істеп көрмеген адамға қиын тиері анық. Осы кәсіппен айналысуға бел буған соң биыл жазда Катонқарағайға арнайы барып, марал шаруашылығының қыр-сырына қанықтық. Ол жақтағы жігіттерден 10 күн бойы сабақ алып, тәжірибе жинап қайттық. Панты әзірлеуді де үйрендік. Енді Жетісуда да марал санын көбейтіп, пантымен емдейтін орталық ашуға ниеттіміз, – дейді «Аршалы тур» серіктестігінің басшысы Берік Алдабергенов.
Айтпақшы, ақсулық шаруаның тыңнан жол тауып, бұрын бастамаған іске тәуекел етуі Алматы облысының туристік әлеуетінің жыл сайын артып отырғанына дәлел болатын сияқты. Өйткені, Жетісудың әсем табиғаты мен қолайлы демалыс аймақтары өңірдегі туризмнің дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Басқаны қойғанда, Алакөл жағалауына келушілер легі соңғы жылдары екі есеге өсті. Тіпті биылғы пандемия жағдайындағы қиындықтарға қарамастан, облысқа келуші туристер қатары үзілмепті. Мәселен, жағажайдағы демалыс маусымының алғашқы бір жарым айында ғана Алакөлде 629 мыңнан астам адам тыныққан екен. Осы кезеңде көл жағалауында 3 млрд 739 млн теңгеге сервистік қызмет көрсетіліпті. Ал жалпы демалыс маусымы барысында келген турист саны 1 млн адамнан асып отыр.
Сондай-ақ қарқынды даму жолына түскен туристік бағыттың бірі ұлттық парктер аумағында. Биылғы алты айда аумаққа келген адам саны 125 мыңнан асты. Қуанарлығы, туризмнен табыс табуға аудандар да кірісіп жатыр. Мәселен, биыл Сарқан ауданы аумағына алыс-жақын шетелдерден 23 мыңнан астам демалушы келді. Оның ішінде «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесінің аумағына келушілер саны артқан. Мұнда 13 экологиялық және мәдени-тарихи туристік бағыт жасалған екен. Өткен жаз маусымында ұлттық парктегі табиғат байлығын көзбен көріп қайтуға 1500 турист арнайы ат басын бұрған көрінеді.
Ал осы ауданмен іргелес жатқан Ақсу ауданында енді марал шаруашылығы өрістесе, панты терапиясымен емдеу орталықтары көптеп ашылатыны анық. Себебі қазір бұл бизнес түрі Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында жемісті болып отыр. Ал Алматы сияқты ірі мегаполиске бір табан жақын Ақсу өңірінде осы іс ілгерілесе, шипа іздегендер мен қызық қуғандар саны да артатыны сөзсіз. Демек, бұғы баққан шаруаның бай боларына сенім бар.
Алматы облысы