• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Сайлау 25 Желтоқсан, 2020

Халықаралық байқаушылар қатары толықты

507 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының (JCRОСК) кезекті отырысында сайлаушылардың тізімдерін сайлау комиссияларына ұсыну және халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу мәселесі қаралды.

Орталық сайлау комиссиясы төр­ағасының орынбасары Константин Петров азаматтарды тексеру және оларды сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша жүргізілген жұмыс жөнінде баян­дады. Отырыс қорытындысы бойын­ша ОСК-ның сайлаушыларға арналған үндеуі мен сайлаушылар тізіміне енгізу тәртібі туралы БАҚ-та, өңірлердегі қоғамдық орындарда, ресми интернет-ресурстарда жарияланған ақпараттық плакаттар қабылданды. Биылғы 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы» бейнеролик республикалық телеарналарда 623 рет, ал радиостансалардың эфирінде 642 рет жарық көрген. Бұдан бөлек, халықты құлақтандыратын ақпарат баспасөз бет­терінде және интернет-ресурстарда жария­ланған. Бұл ақпарат 47,6 млн рет онлайн қаралған.

Өңірлерде жергілікті атқарушы ор­гандар азаматтарға өзінің сайлаушылар тізіміне енгені туралы ақпарат алатын call-орталықтар ашқан. Call-орталықтар сайлау науқаны басталғаннан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде оларға 42 мыңға жуық өтініш келіп түсті. К.Петров осы жылдың 26 желтоқсанынан бастап әрбір азамат тиісті сайлау комиссияларының сайлаушылар тізімінен өзі туралы деректерді тексеруге құқылы екенін хабарлады. Азаматтар тізімге енгізілмегені, тізімнен шығып қалғаны немесе сайлаушы туралы деректерде қате кеткеніне шағымдана алады. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізуге тыйым салынады. Демалыс үйлері, санаторийлер, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелері, алыс мал шаруашылығы учаскелеріндегі, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларындағы, сондай-ақ шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы сайлаушылар тізімдері сайлаушыларға танысу үшін дауыс беретін күнге дейін бес күн бұрын беріледі және бір күн бұрын нақтылануы тиіс.

Отырыстың екінші мәселесі бойынша ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады. Оның сөзіне қара­ғанда, 2020 жылғы 22 қазанда сайлау­ды халықаралық бақылау институты ашылған сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясы 4 халықаралық ұйымнан және 5 шет мемлекеттен 86 байқаушыны тіркеген. 22 желтоқсандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен аккре­диттеуге 4 халықаралық ұйымнан және 14 шет мемлекеттен тағы 190 бай- қаушының кандидатурасы ұсынылды. 4 халықаралық ұйымнан барлығы 167 байқаушы бар. Олардың ішінде ТМД байқаушылары Миссиясының құрамында – 142 байқаушы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрамында – 9 бай­қаушы, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі шектеулі Миссиясында – 2 бай­қаушы; ШЫҰ-дан бақылаушылар Миссиясында 14 байқаушы бар. 14 мем­лекеттен аккредиттеуге 23 үміткер ұсы­нылды, оның ішінде: Әзербайжан, Ма­жарстан, Испания Корольдігі, Нор­вегия Корольдігі, Ресей Федерациясы мен Франциядан – 1 байқаушыдан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Филиппин және Швей­цариядан – 2 байқаушыдан, ал Румы­ниядан 3 байқаушыны тіркеуден өткізу ұсынылған. Жиын соңында ОСК мүше­лері халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккре­диттеу туралы қаулы қабылдады. Осы­лайша, 2020 жылғы 22 желтоқсандағы жағ­дай бойынша 276 халықаралық бай­қаушы тіркелді.