Елордада белгілі сарапшылар еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі биылғы айтулы оқиғаларды қорытындылап, халық назарын аударған мәселелерді талқылады.
Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға жиналған отандық ғалымдар мен сарапшылар дүние жүзіне ауыртпалығымен келген күрделі жылда болған басты оқиғаларды сараптады. Жиын модераторы саясаттанушы, саяси ғылымдар кандидаты Ерлан Саиров тұрақсыз әлемдегі тұрақтылықты сақтаудың алғышарттарын айта келе, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі басты оқиғаларға биліктің берген жауабы мен әрекетіне толығырақ тоқталды. Талқылау саяси бағыттың сабақтастығы, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды жүргізу, тиімді дағдарыстық менеджмент, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім радиусын кеңейту секілді бағыттарда өрбіді.
«Президенттің 2020 жылғы күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі – дағдарысқа қарсы саясат пен дамудың жаңа жағдайларына бейімделудің бір бөлігі болып табылатын реформалар болды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, саяси реформалардың бірінші пакеті дайындалды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға, әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге және бекітуге бағытталған еліміздегі демократиялық өзгерістерге тың серпін беретін реформалардың жаңа пакеті дайындалуда», деп атап өтті Е.Саиров.
Белгілі сарапшы Ғалым Байтұқ биылғы жылдың айтулы оқиғаларға толы болғанын ескере келе, сайлау мәселесіне ерекше тоқталды. Ол елде өткен праймериз кезінде саяси сахнада бұрын белгілі болмаған, белсенді азаматтардың пайда болғанын үлкен жетістікке теңеді. Оның айтуынша, бұл сайлау науқанын қыздыра түседі және дарынды, білікті мамандардың ел алдына шығып, өз күштерін сынауына таптырмас мүмкіндік. Одан бөлек Ғ.Байтұқ Қазақстанда волонтерлер қозғалысының жаңа серпін алып одан әрі дамуын, қоғамда игі ісімен көпке үлгі болар тұлғалардың қатары көбейгенін де жетістікке теңеді.
Саясаттанушы Бауыржан Төлегенов биылғы жылдың басты қиындықтарын атап өтті. «Биыл ел билігі бетпе-бет келген сын-тегеуріндер көп болды. Олардың қатарына мұнай бағасының тарихи төмендеуін, коронавирус пандемиясы мен оның салдарынан туындаған экономикалық дағдарысты жатқызуға болады. Қазақстан билігі ең алдымен халықтың денсаулығын қорғау, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында дағдарысқа қарсы жедел жоспар құруға баса назар аударды», деді маман.
Саяси кеңесші Дина Айкенова мемлекет пен билік арасындағы кері байланысты орнату мен оның нәтижелерін сараптады. Оның айтуынша, 2020 жылдың негізгі бағыттарының бірі – мемлекет пен биліктің қоғамдық сауалдарға ден қоюы болды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы халықпен кері байланыс орнату, пікірлер плюрализміне жағдай жасау арқылы қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім радиусын кеңейтуге бағытталған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды жалғастырды. Сарапшы азаматтардың құқығын қорғау мен жеке адамға қарсы жазаларды қатаңдату бағытында үлкен жұмыс жүргізілгенін баса айтты.
Іс-шараға қатысқан қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен ғалымдар билік пен қоғам үшін түрлі сынаққа толы жылда елде болған басты оқиғаларды түйіндей келе, жоғалтқанымызды түгендеп қана қоймай, атқарылған игі істер мен ұзақ мерзімде нәтиже берер ұтымды шешімдердің көптігіне бірауыздан келісті.