• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Желтоқсан, 2020

Электр қуатын өндіруге екпін берілді

307 рет
көрсетілді

«Самұрық-Энерго» АҚ энергетикалық кәсіпорындары өздерінің кәсіби мерекесіне орай жылдық жоспарларын мерзімінен бұрын орындап шық­ты: Екібастұз ГРЭС-2 4,7 млн кВт/с электр энергиясын өндірді, бұл жоспар­дың 107%-ын құрайды, Мойнақ СЭС-і – 915 мың кВт сағаттан астам электр энергиясын өндірді (104%). «Богатырь көмір» ЖШС кеніштерінде өндірілген көмірдің көлемі 41,8 млн тоннаны құрады (жылдық жоспардың 104%-ы).

Тұтас алғанда, «Самұрық-Энерго» АҚ энергия өндіретін ұйымдары көрсеткіштердің былтырғымен салыстырғандағы өсу қар­қынын сақтай отырып, 2020 жылғы 20 жел­тоқ­сандағы жағдай бойынша 29 897 млн кВт/с электр энергиясын өндірді (103%), яғни былтырғы осындай кезеңнен 3% көп. Бұл елдегі жалпы өндірілген энергия көлемі­нің 28%-на жуықтайды. Жыл соңында ком­пания Қазақстан энергетикасының іс жүзін­де болашақ келбетін қалыптастыратын түбе­гейлі әрі маңызды жобалардың кейбірін аяқтап, жаңаларын қолға алды. 

2020 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Шардара СЭС-ін толық модернизациялады. Жобаға 38 млрд теңге инвестиция салынды. Қайта жаңғырту жұмыстары арқылы СЭС-тің қызмет ету мерзімі 45-50 жылға дейін ұзарып, энергия өндіру жылына 480-нен 537 млн кВт/сағатқа дейін ұлғайды. «Самұрық-Энерго» АҚ екі жел электр стансасының (ЖЭС) құрылысын бастады. Біріншісі – қуаттылығы 60 МВт, ал болашақта 300 МВт-ға жететін Шелек дәлізінде. Екінші ЖЭС Ақмола облысының Ерейментау ауданын­да орналасқан. Стансаның аумағында 11 жел энергетикалық құрылғыларын орнату жоспарланып отыр, оның жиынтық қуаты 50 МВт болады. Жаңа ЖЭС-тер өндіретін электр энергиясы еліміздің Ұлттық электр желілеріне түсіп отырады. «Самұрық-Энерго» АҚ жаңғырмалы энергия көздері нысандары жылдың 11 айында 303,793 млн кВт/с энергия өндірді, бұл республикадағы жаңғырмалы энергия көздері нысан­дары өндірген электр энергиясы көлемінің 10%-ын құрайды.

«Самұрық-Энерго» АҚ мен ресейлік «РусАл» БК тең негізде басқаратын компания – «Богатырь көмір» ЖШС «Богатырь» кенішінде тағы бір маңызды жобаны – «Көмірді қазып алудың циклдік-ағынды технологиясы» жобасын бастады. Бұл технологияны енгізу көмірді темір жол көлігін пайдалану қиын соғатын 200 метрден астам тереңдіктен қазып алуға мүмкіндік туғызып, «Богатырь» кенішінің қуаттылығын жылына 40 миллион тоннаға дейін ұлғайтады.

2020 жылы COVID-19 пандемиясына бай­ланысты, әлемдегі проблема «Самұрық-Энерго» холдингінің энергия кәсіпорын­дарын да сырт айналып өткен жоқ. Күрделі эпидемиялық жағдайда компания өзінің электр стансалары мен көмір өндіретін нысандарының штатты режімде жұмыс істеуін қамтамасыз етті. ТЖ режімі қазақстандық энергетиктердің жоғары білікті маман екенін көрсетіп, саланың кез келген жағдайда тез жұмыла жұмыс істей алатынын байқатты. «Самұрық-Энерго» АҚ 2020 жылы қаржылық тұрақтылыққа да қол жеткізді. Осыдан небәрі екі жыл бұрын «Самұрық-Энерго» қаржылық тұрақтылық бойынша «қызыл аймақта» болатын. Компания менеджменті қабылдаған шаралардың нәтижесінде, атап айтқанда, қарызды азайту, валюталық несиені уақтылы әрі ойдағыдай қайта қаржыландыру, сондай-ақ валюталық міндеттемелерді хедждеу және теңгеде конвертациялау арқылы компания несиелік тәуекелдің «жасыл аймағына» шықты.

Қолға алынған жұмыстардың нәтижесі бойын­ша Fitch Ratings рейтінгілік агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ-тың ұзақ мерзім­ді рейтингтерін  «ВВ» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты», сондай-ақ компа­нияның кредитті төлеуге өз бетінше қабілеттілігі рейтингін «B»-ден «B+»-ке дейін жоғарылатты.

Айта кетелік, «Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа тиесілі. 2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ, «Богатырь көмір» ЖШС, «Алматы электр стансалары» АҚ, «О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ су электрстансасы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.