ICAO Жаһандық авиациялық дайындық кеңсесінің дауыс беру нәтижелері сәйкес, «Казаэронавигация» кәсіби дайындау орталығы Trainair Plus ICAO басқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды. Бұл нәтиже «Казаэронавигацияның» тиісті деңгейін көрсетіп, кәсіпорынның халықаралық деңгейде беделін арттырды.
Отандық орталық Катар авиация академиясы, Гонконг халықаралық авиация академиясы, сол секілді Египет азаматтық авиация академиясынан озып, беделді ұйымның мүшелігіне 3 жылдық мерзімге сайланды. Бұл кәсіпорынға азаматтық авиация саласында мамандар даярлау жөніндегі халықаралық қоғамдастықта өзара іс-қимыл жасауға және ынтымақтастық орнатуға, сол арқылы тез өзгеретін жаһандық даярлық жағдайында маңызды стратегиялық шешімдерге қатысуға және халықаралық деңгейде өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Trainair Plus ICAO басқарушы комитетінің мүшелігіне кіру бағдарлама бойынша одан әрі ілгерілеуге және өңірлік оқу орталығы мәртебесін алу процесін жеделдетуге жол ашады.
«Қазаэронавигация» кәсіби дайындау орталығы 2016 жылдан бастап Trainair Plus ICAO бағдарламасының толық құқықты мүшесі саналады. Бұл мәртебе кәсіби дайындау орталығын ICAO стандарттарына сәйкес келетін халықаралық авиациялық оқу орталығы ретінде танытады. Осы бағдарлама бойынша кәсіби дайындау орталығы курстарының сертификатталған әзірлеушілері ИКАО стандарттарына сәйкес, талапқа сай 4 оқу-әдістемелік курс әзірледі. Аталған курстар ИКАО оқу курстарының кітапханасында тіркелген. Бұл курсты тәмамдаған тыңдаушыларға ИКАО сертификаттары беріледі. ICAO курстары бойынша орталықта Қазақстан мен басқа шет елдердің 181 маманы оқытылды.