• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 25 Желтоқсан, 2020

Мейірімділік эстафетасы мәресіне жетті

481 рет
көрсетілді

Келер жылы ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Осыған орай елордада «30 игі іс» ұранымен әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Мейірімділік эстафетасына қала тұрғындары, оның ішінде кәсіпкерлер, еріктілер қозғалысы, қоғам қайраткерлері, әртістер мен түрлі ұйымдар қатысты.

Акция ұйымдастырушылары жалғыз басты зейнеткерлер мен ардагерлерге, көп балалы және мұқтаж отбасыларға, сон­дай-ақ өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау біл­діріп, көмек көрсетті. Атап айтқанда, эстафетаға әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қо­сыл­ды. Оның өкілдері «Ана үйі» қоғамдық қорының аналар үйіне барды. Кездесу барысында бірқатар мәселе шешілді. ҮЕҰ мамандары аналарға құқықтық және психологиялық мәселелер бойынша кеңес береді. Сондай-ақ орталықтың қамқорлығындағы жандарға кәсіп пен іс жүргізуді үйретеді. Кездесу барысында қор ұжымына алғыс хаттар мен сый­лықтар табыс етілді.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері де қайырымдылық жо­ба­сына белсене қатысты. 500-ге жуық ерікті жалғызбасты ардагерлер мен зейнеткерлерге ауласынан қар шығарып, отын жаруға көмектесті. Көмекке мұқ­таж және көп балалы 100 отбасы, мүм­кіндігі шектеулі адамдар, зей­неткерлер, ардагерлер көмек алды. Әр себетке шамамен 30 кило азық-түлік салынған. Оның ішінде ең қажетті өнімдер – дәнді-дақылдар, макарон, күнбағыс майы және шай бар. Сондай-ақ акция аясында жастар қыста коммуналдық қызметкерлері мен қала тұрғындарына елорда көшелерінде ыстық шай мен бауырсақтар таратты.

«Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері де бұл игі істі қолдады. Олар Қорғаныс минис­тр­лігінің әскери дәрігерлеріне 30 азық-түлік жиынтығын берді. Іс-шара Қазақстан Қарулы Күш­терінің әскери-патриоттық орта­лығы мен Magnum сауда орта­лы­ғының қолдауымен өтті. Сондай-ақ олар ардагерлерге де қолғабыс етті. Егде жастағы адам­дарға азық-түлік себеттері жеткізіліп, үй ауласынан қар шығаруға көмек­тесті.

«Жыл сайын, қыста, қатты аяз бен боранға қарамастан тынымсыз еңбек ететін адамдар бар. Олардың осындай еңбе­гіне алғыс ретінде аталған акция ұйымдастыруды шештік», деді «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ елордалық филиа­лының төрағасы Асхат Налшыбек.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ру­хани жаңғыру» жобалық кең­сесі өкілдері №90 мектеп-гимназиясына 30 кітап сыйлады. Барлық кітап «Рухани жаңғыру» жобасы аясында туған өлкенің тарихи һәм мәдени мұрасын зерттеу мақсатында шығарылды. Атап айтқанда, «Қасиетті Қазақстан» кітабында киелі жерлер мен елдің мәдени мұрасы туралы баяндалады.

«Кітап – баланы дамытатын негізгі құралдардың бірі. Сондық­тан мектепке үш тілде жазылған 30 кітап береміз. Алдағы уақытта бұл игі істің жалғасатынына сенім­­дімін», деп атап өтті «Руха­ни жаңғыру» жобалық кеңсесі дирек­торының орынбасары Жазира Нариманқызы.

«30 игі іс» көрмесіне қазақ­стан­­дық әртістер де қатысып, көп балалы отбасыларды аралап, оларға азық-түлік таратты. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассам­блеясының өкілдері «Пара­сат» қайырымдылық орта­лы­ғымен бірлесе отырып, мұқ­таж 50 отбасына азық-түлік себет­те­рін жеткізді.