Ән десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық кеше кешкісін елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залын бетке алды.
Ән десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық кеше кешкісін елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залын бетке алды.
Мұнда «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы АҚ, Қазақ радиосының төл жобасы ІІ халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалі жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Аталған ірі жобада радио тыңдаушы және кәсіби мамандар анықтаған үздік әндердің орындаушылары өнер көрсетті.
«Дала дауысы» радиофестиваліне жалпы саны жүз орындаушы қатысып бақтарын сынаса, төрт номинация бойынша оның жиырмасы жеңімпаздар қатарынан орын алып отыр. Атап айтқанда, «Үздік дәстүрлі орындаушы» аталымында Ерлан Рысқали, Ырысты Сүлейменова, Ақмарал Ноғайбаева, Гүлмира Сарина және Ақмарал Ерімбетова үздіктер қатарынан көрінді. Ал «Үздік эстрада әншісі» болып «МузАРТ» тобы, Нұрлан Албан, Зағипа Иманғазиева, Адам, Алмас Кішкенбаев және V-ALEM, «Алашұлы» тобы мен Ғани Мәтебаев танылды. «Үздік академиялық орындаушы» номинациясында Станислав Ни мен Дина Хамзинаның бағы жанса, «Жаңа есімдер» құрамын Анар Құмарова, Марат Медетов (Қазақстан), «Дос» дуэті (ҚХР), Фериал Башел (Түркия), Айдай Сәбитова (Қырғызстан), Салтанат Бигулина (Ресей) толықтырды.
Жеңімпаздарды мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Бастығы Махмұт Қасымбеков, «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Еркеғали Кәрбозов және Юнус Эмре түрік мәдени орталығының директоры Ибрагим Иылдырым сынды азаматтар марапаттап, оларға ақ жол тіледі. Мырзатай Жолдасбеков жобаны болашақта «Ұлы дала дауысы» деп атауды ұсынып, қайраткер ағаның ұсынысы қолдау тапты.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».