• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 26 Желтоқсан, 2020

Ақтаулық оқушылар жолшы мамандығын үйреніп жатыр

234 рет
көрсетілді

Ақтаулық оқушылар жолшы мамандығының қыр-сырын онлайн-сұхбат арқылы танып-біліп жатыр. Ұлттық жол сапа орталығының Маңғыстау филиалы ұйымдастырған танымдық кездесуге қала аумағындағы 26 мектеп түгел қатысты, деп хабарлайды «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК баспасөз қызметі.

Филиал басшысы Елтай Таялиев пен трассаларға барып тексеру кезінде алынатын жол материалдарының сапасын зертханада талдайтын мамандар 9-11 сынып оқушыларын қызықтырған сауалдарға түсінік берді.

«Бүгін оқушы – ертеңгі жас түлектердің жолшы мамандығына қызығушылығы басым екендігі қуантады. Онлайн-кездесу барысында зертхана ішін көрсетіп, мұндағы жұмыстардың қалай жасалып жатқанын балаларға түсінікті тілмен айтып жеткіздік деп ойлаймын. Бұл мамандықты ұл-қыз бірдей игере алады. Мына індеттен құтылып, карантиндік шектеулер алынған соң Ақтаудағы мекеме ғимаратын аралатып, мұндағы құрал-жабдықтармен қалай жұмыс істеу керектігін көрсетуді де жоспарлап қойдық»,  дейді Таялиев.

Биыл жыл басында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшылығы «1000 мектеп» бастамасын жүзеге асыруды қолға алды. Мақсат – мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, жолшы мамандығына тарту.

Маңғыстау облысында 154 мектеп бар десек, аймақта карантиндік шектеу шаралары енгізілген уақытқа дейін 26 орта білім беру мекемесі қамтылды. Бұл ретте жол сапасын бақылаушылар Ақтаудан бөлек Мұнайлы мен Түпқараған ауданындағы мектептерге арнайы барып, жас буын өкілдерімен жүздесті.  

Аталған кездесулерде облыс көлемінде салынып және жөнделіп жатқан көлік жолдарының сапасын бақылау жұмыстарының нәтижелері таныстырылып, жол мамандықтары жайлы жан-жақты ақпарат айтылды.

Көп жағдайда оқушыларды мектеп бітірген соң қандай оқу орнына түсуге болатындығы алаңдатады. Айта кетейік, Қазақстанда жол саласы бойынша мамандарды даярлаумен 30-жуық университет пен 50-ге тарта колледж айналысады.