Павлодар облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің хабарлауынша, егер ауылдықтар қысқы отындық ағашты рұқсат берілмеген құжатсыз отап-кесіп алса айыппұл төлейді. Өйткені бір адамға 5-10 текше метр ағаш алуға ғана рұқсат берілген.
– Ал, ешқандай рұхсат құжатынсыз кесілген ағаш көлемі үшін заң алдында жауап береді. Келтірілген шығын көлемі 100 айлық есептік көрсеткіштен асса, онда қылмыстық жауапкершілік саналады. Мысалы, қазан айында заңсыз ағаш кескен жерлерінен Май ауданы Баскөл ауылының төрт тұрғыны ұсталды. Орманшылардың басты міндеті – орман байлығын сақтау, орман толы ағашты заңсыз әрекет жасаушылардан қорғау, – дейді мекеме басшысы А.Жүсіпов.
Қысы ұзаққа созылатын солтүстіктегі өңірлердің отын түрі ағаш пен көмір екені белгілі. Тұрмыстық қажеттілікке кесілген ағаштың орнына көктемде жас өскіндер егілгенімен, өңірдегі ауылдар бір қыста ағаш отынның 400 мың текше метрін жағатын көрінеді.
Орманшылардың айтуынша, орман шаруашылықтарында ағаштар жалпылай және санитарлық түрде кесіледі. Ауруға шалдыққан ағаштардың 1 текше метрі 1600 теңгеден сатылады. Кәдімгі жайқалып өсіп тұрған сау ағаштардың 1 текше метрі – 2300 теңге. Мамандар бұталған, кесілген бір көлік отын ағашын 30-35 мың теңгеден сата алады.
– Бұл жерде ағаштар кесіліп, табиғатқа зиян келді деп уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені жыл сайын орманшылар шаруашылықта кесілген ағаштардың орнына жаңа ағаштар егеді. Көктем, жаз айларындағы қысқы отын дайындау маусымы желтоқсан айына дейін жалғасады. Негізінен, орман алқабын кескен сайын орманды толықтыру мекеме тарапынан тексеріліп тұрады. Мысалы, 1 гектар алқаптағы ағаштар кесілсе, келесі жылы 2 гектар алқапқа ағаштар егіледі, – дейді орманшылар.
Санитарлық шаралар бойынша жыл сайын орманшылар орман ішінде қураған, ауруға шалдыққан ескі ағаштарға арнайы белгі қойып кетеді. Бұл ағаштарды кесіп, отынға жаратуға болады.Отынға берілетін ағаштарды алу үшін жергілікті орман шаруашылығынан арнайы рұқсат қағазын алады. Мысалы, биыл мекемеге қарасты орманшылықтарда 8500 текше метр ағаш жарамсыз болып қалған.
Сонымен бірге Аждар Жүсіповтің айтуынша, жергілікті әкімдіктердің өтініштеріне сай көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларына, басқа да мұқтаж жандарға көмек ретінде отындық ағаш жеткізіліп беріледі. Әр ауданда, қалада жер үйде тұратын 10 отбасыға бір текше метрден, ал қыс суытқан кезде қосымша отындық ағаш беріледі.
Павлодар облысы