• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Сайлау 28 Желтоқсан, 2020

Салық төлейтін кәсіпкерлерді қолдау керек

277 рет
көрсетілді

«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы оңтүстік өңірлерге барды. Партия өкілдері Шымкент қаласы мен Түркістан облысының кейбір аймақтарында болып, сайлаушылармен кездесті.

Партия төрағасы Азат Перуашев Шымкент қаласының тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді. Олардың бірі №53 орта мектепте өтті, мұнда 2 мыңнан астам оқушы оқиды және 200-ге жуық мұғалім жұмыс істейді. «Ақжолдықтар» партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, білім беру саласындағы өзекті мәселелердің шешімін табу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Партия мүшелері саяси қуғын-сүр­гін құрбандарының мемориалына гүл шоқ­тарын қойып, «Ақ жолдың» қалалық филиа­лының үгіт-насихат автошеруіне қатысты.

Сонымен қатар партия белсенділері SCAT әуекомпаниясының басшылығымен және ұжымымен кездесті. Кездесу барысында халықаралық әуежай құрылысы мәселелері талқыланды. Жиын барысында құрылысты инвестор жүргізетіні, объектіде негізінен отандық өндірістің құрылыс материалдары пайдаланылатыны және жұмысқа жергілікті кадрлар тартылатыны да сөз болды. Терминал төрт қабатты болады деп жоспарлануда, осылайша сағатына 2 мың жолаушыны қабылдау мүмкін болмақ. Әуекомпания президенті Владимир Денисовтің айтуынша, бұл үлкен авиациялық хабқа айналады. Партия төрағасы Азат Перуашев мегаполис­те ірі нысандар салудың маңызын атап өтті.

Үгіт-насихат тобы оңтүстік өңірге сапары барысында Арыс қаласындағы SGM-group компаниясының темір жол депосында болды. Мекемеде 200 адам жұмыс істейді, қызметкерлердің басым көпшілігі – жас­тар. Кездесуде «Ақ жол» демократиялық партиясының ұстанымдарын талқылаумен бірге, жұмысшыларды алаңдататын проблемалар жөнінде де пікір алмасты.

Партия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаттығына кандидат Қазыбек Иса да Арыс қаласы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, партия ұстанымын жеткізді.

«Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық штаб мүшелері Түркістан облысына сапарында «Комбинат Фараб» зауытының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында партия төрағасы Азат Перуашев «Біз өзі табыс табатын, бюджетке салық төлей­тін және жұмыспен қамтитын кәсіпкер­лерді қолдауымыз керек», деп атап өтті. Ол «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдар­ламасында да кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударылғанын баяндады. 

«Пандемия кезінде кәсіпорындарда жұмыс істеген  мыңдаған адам жалақысыз қалды. Біз мұндай жағдайға жеткізбес үшін кә­сіп­керлерге қолдау көрсетуіміз қажет. Кәсіп­орын көп болса, жұмыс орны көп бола­ды. Жұмыс көп болса, әрбір отбасы­ның күн көрісі жақсарады. Біздің бағдарлама кәсіпкерлікті және қатардағы қазақстандықтардың мүдделерін қорғауды мақсат етеді», деді А.Перуашев.

Сондай-ақ зауыт жұмысшыларына пар­тияның сайлауалды бағдарламасының басқа да бағыттары түсіндірілді. Түркістандық сай­лаушылардың мәселелерін мұқият тыңдаған кандидаттар назарға алуға сөз берді.