Қалалық онкологиялық орталықта сол өкпесінің төменгі бөлігінің ісігі диагнозы қойылған 49 жастағы науқасқа видеоторакоскопиялық әдіспен ота жасалды. Операция барысында мамандар ісікті аппараттың көмегімен тіліксіз алып тастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Науқастың өкпесіндегі ісік флюрографиялык тексеру кезінде анықталып, онкологиялық орталыққа жолдама арқылы келген болатын. Ота жасалған күні-ақ науқас жан сақтау бөліміне емес, бірден палатаға ауыстырылды.
Онкологиялық орталықта екі жылдан бері отаны видеоторакоскопиялық әдіспен жасауды қолға алынған. Мұндай отаның артықшылығы көп. Науқас операцияны жеңіл көтереді және асқынулар өте сирек кездеседі. Сондай-ақ науқас наркотикалык анальгетиктер қабылдамайды.
«Операция болған күні науқас өздігінен жүріп, ауруханадан 3-4 күнде үйіне шығарылады. Айта кетерлігі, мұндай отадан кейін науқас оңалтуды қажет етпейді. Мұндай видеоторакоскопиялық әдіс өкпе қуысы органдарының катерсіз және алғашқы сатыдағы қатерлі ісіктері кезінде қолданылады», дейді жоғары дәрежелі хирург Самат Исмаилов.
Онкологтар қала тұрғындарына жылына бір рет фоюрографиялық тексерістен өтіп, өкпеден ісік белгілері табылған жағдайда міндетті түрде медицина маманның кеңесіне жүгінуді ескертеді.