Маңғыстау облысының түзеу мекемелеріндегі психолог қызметкерлер қызметтік міндеттерін адал орындағаны, қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚАЖ департаменті бастығының грамотасымен марапатталды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың басым бөлігі шындығына келгенде әлеуметтік көмекке мұқтаж. Түзеу мекемелерінде бұл мәселелермен мекеме психологтары айналысады.
«Мекеме психологтары алдын ала диагностикалау жұмыстарын карантин үй-жайында сотталғанмен алғаш кездескен сәттен бастайды, процесс барысында басым проблемаларды және маңызды жеке тұлғалық келбеттерді анықтайды. Карантин үй-жайындағы зерттеу үрдісінде басым орын алатын тест түріндегі және жобалық әдістердің әр алуандылығы, дара әдіс ретінде психологиялық әңгімелесулер жатады, оның көмегімен адамның өміріндегі психологиялық көріністер туралы деректерді алуға болады. Бас бостандығынан айыру орындарына алғаш рет келген сотталғандар диагностикалық зерттеу үрдістеріне теріс пиғылмен қарайды, кейбір кездерде өздеріне қауп төндіреді деген оймен, тестілеуге қатысудан бас тартып жатады.
Сондықтан сотталғандардың психологтармен кездескен кездегі алғашқы әсері, оларды тексеруге және алдағы уақытта байланыс орнатуға айтарлықтай әсер етеді. Карантиндегі алғашқы психологиялық әңгімелесу аралас сұхбат нысанында жүргізіледі, себебі мұндай сұхбат жалпы мағлұматтар алуға кеңінен мүмкіндік туғызады», дейді ГМ-172/6 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімі психологиялық қамтамасыз ету тобының аға инспектор-психологы Камшат Саипова.
Сотталғанның жеке тұлғасын зерделеу – құқыққа қарсы мінез-құлықтың алдын алуға, түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың жеке тұлғасының оң жолды таңдауына табысты психологиялық және педагогикалық ықпал етудің, міндетті шарты болып табылады.
Психологтар фактілерді айқындаумен ғана шектелмейді, олар сотталғандардың жаңа жағдайға ойдағыдай бейімделуіне көмек көрсету мақсатында ықпал ету шараларына қатысады.