Қазақстанның көрші Ресей Федерациясымен әскери саладағы ынтымақтастығы жылдан-жылға дамып келеді. Соның бір жарқын дәлеліндей, таяуда Иркутск авиациялық зауытының ұшқыштары шекараны көктей өтіп, «Су-30СМ» ұшақтарын Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы авиациялық базаға жеткізді.
Жауынгерлік техниканы тапсыру салтанатына орай ұйымдастырылған іс-шараға Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.
Қорғаныс министрі жаңа авиациялық техниканың Қазақстан Қарулы Күштерін қайта жарақтандыру жоспарына сәйкес Әскери-әуе күштерінің қарамағына келіп түскенін мәлім етті.
– Маневрлігі аса жоғары, көп мақсатты «Су-30СМ» жойғыштары әскер мен нысандарды әуе шабуылынан қорғау, әуе және жердегі нысаналарды анықтау мен жою мүмкіндігін едәуір арттырады. Бұл ұшақтардың арқасында Қарулы Күштердің жауынгерлік әлеуеті артады, – деп атап өтті Н.Ермекбаев.
Аталған ұшақтар күн демей, түн демей, кез келген ауа райында әрекет ете алатын, жаудың ұшақтарын атып түсіріп, жердегі нысандарды жойып қана қоймай, әуе барлауын жүргізіп, басқа ұшақтарға мақсатты нұсқау бере алатын, 4++ деп таңбаланатын жаңа буынның авиациялық техникасы. Бұдан бөлек, «Су-30СМ» жойғыштары ұзақ қашықтыққа ұшады және оларға ауада жанармай құюға болады.
Ресейлік әскери мамандар бұл жойғыштардың әлемдегі ең тиімді әскери ұшақтардың бірі екенін айтады. Мысалы, ресейлік сынақ ұшқышы Максим Колюшин «Су-30СМ» жойғышымен 2012 жылдан бастап ұшады екен. Оның айтуынша, аталған ұшақ – әлемдегі ең үздік әскери-авиациялық техниканың бірі.
Ресейден келген жаңа ұшақтардың құлағында ойнау үшін Қарағанды авиациялық базасының ұшу және инженерлік-техникалық құрамы Талдықорған қаласында және Иркутск авиациялық зауытында толық қайта оқытудан өткен. Бүгінгі күнде олардың бұл ұшақтармен ұшуға, оларды пайдалануға және қызмет көрсетуге тиісті рұқсаттары бар. Жалпы, біздің тараптың «Иркутск» авиациялық зауытымен ынтымақтастығы бұдан бес жыл бұрын басталған екен.
Теория мен тәжірибеден тұратын екі кезеңдік қайта оқытудан өткен ұшқыштың бірі Темірлан Бәйменов. Ол өзінің алдағы уақытта заманауи «Су-30СМ» жойғышымен ұшатынына өте қуанышты екенін жеткізді. Жас ұшқыш аталған авиациялық техниканың арқасында әуе кеңістігіміздің қорғанысы нығая түсетінін сенімді түрде айтты.
Ал облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әскерилерге қойылған міндеттерді ойдағыдай атқарып шығатынына сенім білдірді және оларды осы маңызды оқиғамен құттықтады.
Қарағанды облысы