• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Желтоқсан, 2020

Қайырымдылық ұғымының ауқымы кең

138 рет
көрсетілді

Шығыста әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырып, қайырымдылық шараларына белсене атсалысқан азаматтар марапатталды.

Пандемия кезінде волонтерлер қамқорлық көрсетуден аянып қалған жоқ. Әр ауданда құрылған топтар жал­ғыз тұратын зейнеткерлерге, мүм­­кіндігі шектеулі жандарға және көп балалы отбасыларға көмектесіп оты­руға тырысты. Олардың көмегі бір реттік акциялармен шектелмей, үздіксіз жүргізілді. Мысалы, ерекше мұқтаж адамдарға тамақ, дәрі-дәрмек, медициналық маскалар апарып берді. Одан бөлек психологиялық қолдау да көрсетті. Жыл соңына қарай волонтерлердің еңбектері де ескеріліп, үздіктері марапатқа ие бол­ды.

«Жылдың меценаты» аталымы Бородулиха ауданының тұрғыны «Ассорти 2» шаруа қожалығының басшысы Игорь Шевченкоға бұйырды. Ол қожалық жұмысшыларына үнемі көмектесіп, сәбилі болғандарға 100 мың теңгеден көмек көрсетіп отырады. Жыл сайын тұрғындарға бақша өсіру, қыста және жазда жолдарды күтіп ұстау, көктем кезінде су бұру, арна­л­арын тазарту жұмыстарына қол­ғабыс етеді.

Сондай-ақ «Ерен ерлік» аталымы бойынша волонтерлік қызметке белсене қатысқаны үшін Курчатов қаласының волонтерлік қозғалыс орта­лығының төрайымы Әсемгүл Қалимолдина марапатталды.

Ол Курчатовтағы волонтерлер қоз­ға­лысын кеңейтіп, қайырымдылық іске 2 мыңнан астам адамды тартқан. Әсемгүл Қалимолдина «Балаларға жүрек сыйла», «Құс асханасы», «Біз біргеміз», «Мейірімді көршілер», «Мейірімді іс», «Жақсылық жолы», «Мың алғыс», «Маска тағыңыз» сынды волонтерлік акцияларды ұйым­дас­тыр­ған.

– 2020 жыл Волонтер жылы болып жариялана салысымен жоспар жасадық. Сол жоспар негізінде бір жыл бойы азды-көпті еңбек еттік. Әсіресе экологиялық шараларға көп бет бұрдық. Сонымен қатар жалғыз­басты жандарға, қарияларға, аз қам­тыл­ған отбасыларға қол ұшын созуға тырыстық. Жуықта ғана шағын ор­талыққа барып, балдырғандармен бір­­лесіп, құстарға ұя жасадық, – дей­ді волонтерлер қозғалысының төра­йы­мы Әсел Қалимолдина.

Курчатов қаласында көмекке мұқ­­таж тұрғындар орталыққа хабар­ла­­сып, керек-жарақтарын айтса, во­­­лон­терлер көмек көрсетуге әзір тұ­­ра­ды. ­Қаланың елгезек жастары көше сы­пырушыларға ыстық шай мен бауыр­сақ ұсынып та алғысқа бө­лен­ген. Ал қаланың меценаттары әр жұма күні аз қамтылған отба­сы­лар­ға тегін нан таратады. Әсемгүл Қали­молдинаның айтуынша, волонтер жылы аяқталғанымен, жұмыс жал­ға­са бермек.

 

Шығыс Қазақстан облысы