Биылғы «Волонтер жылы» әлемде таралған коронавирус індетімен тұспа-тұс келді. Елімізде де таралып жатқан індеттен қорғанудың бір жолы – халықтың амандығы үшін үйден көп шықпау. Жанымызға жақын адамдарды індеттен сақтау, үлкен кісілерге көмек көрсету. Осы тұста волонтер жастардың еңбегі зор.
Жуырда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Ғажап» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі «ADAL KOMEK» волонтерлік ұйымымен бірлесе «Жақсы кітап – жан азығы» жобасы аясында «Мейірімділік өз қолыңда» атты әдеби кешін өткізді. «ADAL KOMEK» волонтерлік ұйымы өңіріміздің талантты жастарының бірі Олжас Өтеуовтің бастамасы. Ол – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті, «Студенттің ғылыми ізденіс нәтижелері» атты екінші республикалық ғылыми-практикалық конференциясының II дәрежелі диплом иегері, дзюдо күресінен облыстық, республикалық турнирлердің жеңімпазы. Оның айтуынша, волонтерлік топты құру мақсаты балаларға, қарттарға ерекше көңіл күй сыйлау, азғантай болса да, қолынан келгенше қол ұшын созу, игілікті іс жасау.
«ADAL KOMEK волонтерлік ұйымы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ГМК-101 тобының студенттерінен құралған.
Шараға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері Нұрлыат Сәрсенбаев, Орнай Жарасқанова, Айдана Серікбаева, Гүлдана Нұртуғанқызы қатысып, «Жалқау мысық» ертегісін сахналады. Осы әдеби кешке «Шын хакім, сөзің асыл, баға жетпес» атты республикалық онлайн әдеби байқауының I орын жүлдегері, Ақтөбе көп салалы Тарлан колледжінің студенті Анар Өтегенова арнайы қатысып, өзінің жүрекжарды өлеңін оқыды. Сонымен қатар ГМК-101 тобының студенттері Шолпан Бримтаева, Зарина Аманғалиева тамылжыта ән салып, №12 орта мектебінің оқушысы Дания Сапрыгина мың бұралып би биледі.
Сондай-ақ III республикалық «Ұлы дала ұрпағы» байқауының I орын иегері, V халықаралық «Галактика талантов» байқауының жеңімпазы, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Өркен Қадыров күй тарту етті. Шараның соңында белсенді жастар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қосыла шырқады. Аталмыш әдеби кешке мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Алаш» қоғамдық бірлестігіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған «REAL» фото студиясының мүшелері Гүлфайра Рамазанова, Самал Ешімова, Салтанат Шуитбаева белсене атсалысты.
Ізгі шараның бастамашысы болған «ADAL KOMEK» волонтерлік ұйымы кішкентай балақайларға арнайы сыйлық әзірлеп, табыс етті. Әдеби кеш соңында «Ғажап» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Инна Романовна барша қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да, осындай шаралардың көптеп өткізілуіне ұсынысын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлттың жаңа болмысы туралы былай айтады: «Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды. Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз». Осы Жолдаудан түйгеніміз – білімді, саналы ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастырып, әсіресе жастардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру. Осы тұста біздің белсенді волонтерлеріміз айнымас қағиданы нық ұстап, ізгілікті шаралардың бастамашысы болып келеді. Адал жолдан таймайтын, әділеттілікті қолдайтын жастардың ұраны «Біз біргеміз!». «ADAL KOMEK» волонтерлік ұйымы сияқты әрдайым айналасына мейірімін төгіп, жақсылық жасауға дайын тұратын мейірімді, ақ пейілді, адал еңбек ететін жастарымыз көп болсын!
Ақмарал МҰҚАШЕВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері