Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді, оның барысында биылғы жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2021 жылдың бірлескен жоспарлары талқыланды.
Атап айтқанда, пандемия жағдайында халыққа көрсетілетін қолдау шаралары, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту, көлік инфрақұрылымы және энергетика саласындағы жобаларды іске асыру, қаланың бас жоспары мен бірыңғай дизайн-кодын әзірлеу және бекіту, қоғамдық құқықтық тәртіпті күшейту және т. б. мәселелер.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов COVID-19 коронавирусынан туындаған әлемдік пандемияға және іс-шараларды өткізуде енгізілген санитарлық-эпидемиялық талаптарға орай Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің жергілікті жерлерде болып, қоғамдық мониторинг жүргізгенін және онлайн-конференция форматына көшкенін айтты. Кеңес отырыстында COVID-19-ға қатысты жағдай, медициналық мекемелердің жұмысы, азық-түлік бағаларына мониторинг, әлеуметтік маңызы бар бағыттар және қалалық автобустардың қызметі, карантин кезінде медицина қызметкерлерін қаржылық қолдау және т. б. мәселелер талқыланды.
Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Транспаренси Қазақстан» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов сәулет және құрылыс мәселелеріне тоқталды, сонымен бірге әкімдік белгілеген мерзімде ЖЭО-ын газдандыру туралы шешімді қолдайтынын айтты.
«Біріншіден, әкімдік пандемия, локдаун кезінде қаланың тыныс- тіршілігін жоғары деңгейде жүргізді. Соның арқасында халық дүрбелеңге түскен жоқ. Екіншіден, соңғы онжылдық бойы көтеріліп келе жатқан ЖЭО-ын газдандыру мәселесі шешілді. Үшіншіде, қаланың стратегиялық жоспары қабылданды», - деді Қазақстан Республикасы Ұлттық кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтарының басқа да нысандары Қауымдастығы» ЗТБ президенті Қазбек Шайх.
Кездесу барысында «Қазақстанның дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ басқарма төрайымы З. Байсақова, саясаттанушы, қоғам қайраткері А. Сарым, Алматы қалалық алқа Төралқасының мүшесі, адвокат Н. Жазылбеков, Қазақстанның «КазРЕНА» ғылыми-білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры Б. Жапаров және т. б. сөз сөйледі.Көтерілген мәселелер бойынша қалалық басқармалардың басшылары, аудан әкімдері тыңдалды.
Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев әкімдіктің ашық жұмыс істейтінін атап өтті. Ол қала тұрғындарын жоспарланған шешімдер мен өзгерістер туралы хабардар ету қажеттігін баса көрсетті.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айқындап берді. Біздің басты міндетіміз- алматылықтардың барлық сұраныстарына жедел әрі тиімді жауап беру. Қала тұрғындарының мүддесі үшін әрекет жасауға тиіспіз. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру, жайлы инфрақұрылымды қалыптасмтыру үшін бірігіп жұмыс жасауымыз қажет. Қала тұрғындарын ең өзекті мәселелерді талқылауға кеңінен қатыстырған жөн", деп атап өтті Б. Сағынтаев. Әкімнің осы бастамасы бойынша бұдан былай Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесулер ай сайын өтетін болады.